Wi-Fi мен камерасы бар "шоколад": ҰБТ-да тыйым салынған заттар анықталды

Ұлттық тест орталығының бұрынғы директоры Дидар Смағұлов мектеп түлектерінің ҰБТ-ға ұялы телефондарды қалай тығып әкелетінін көрсетті, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Мәселен, тест тапсырған балалардың біреуі IPhone-ды кроссовкаға тығып, тест тапсыру аудиториясына өтіп кетпекші болған.

"Қарақтарым-ау, бойы бір жарым метрге жетпей 45-ші өлшем аяқ киіммен келгеніңіз не? Демек, ондай адам читтер", - деп жазды Смағұлов Facebook парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы бір түлек аяқ киімнің ішіне төрт бірдей смартфон тыққан. Ал осы жолы бір ғана IPhone шықты. Сондықтан былтырғы "рекордқа" әлі ешкім жеткен жоқ.

Алматыда бір түлек ұялы телефонды фольгаға орап, шоколад ретінде алып өтпекші болған.

"Илон Маск, мынаған қалай қарайсың? Қазақстандық шоколад, ішіне камера орнатылған, LED экраны мен wi-fi қабылдағышы бар. Дауыспен қоңырау жасауға да болады", - дейді Смағұлов.


Бұған дейін тест орталығының экс-басшысы қолына шағын конспект жазып келген түлекті көрсетті. Сол кезде 500 адамның тест нәтижесі жойылған болатын.

Айта кетейік, мамырдың соңында Дидар Смағұлов ұлттық тест орталығынан кететінін мәлімдеді. Бірақ ҰБТ-мен айналыса береді.

"Дидар ағай кетті, ҰБТ-да көшіруге болады" деп ойлайтындар опық жейді. Енді мен басқа нәрселерге алаңдамай, тек ҰБТ-ның әділдігімен айналысамын!", - деп жазды ол.

Қазақстанда 6 мамыр мен 30 маусым аралығында ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Мектеп түлектері алғаш рет тесті электронды форматта тапсыруда. Биыл ҰБТ-ға 140 мыңға жуық бала қатысады.