35 жастағы Берік Сыздықов жайлы білмейтін адам кемде-кем. Семей сынақ полигоны жайлы түсірілген фильмдерде мүгедек басты кейіпкер ретінде жиі көрінген. Бүгінге дейін Берік Италия, Швейцария, Германияда емделіпті. Алайда дертіне шипа қонбаған.
Берік Сыздықов, Бірінші топтағы мүгедек:
- Қиыны қиын енді, бүйтіп жүрген жаман! Бір жерлерге барсам ба деген арманым бар. Көріп кетем бе деп ойлаймын.
Тумысынан бетін ісік жайлаған Берік қазірде 70-тен асқан анасымен бірге Семей қаласында тұрады. Ауылдан көшкелі бері 15 жыл өтсе де, басында әлі баспана жоқ. Көшіп-қонумен жүрген олар осымен 5-ші жалдамалы пәтерге тоқтаған.
Зейнелхан Сыздықова, Беріктің анасы:
- Есептеп келгенде, тамағымыз бар, бәрін есептегенде, біздің пенсиямыз жетпей қалады. Бір пәтер алсақ кішкене жеңілдеу бола ма бізге. Пәтерсіз жағдайымыз қиын болып тұр.
Қазірде Берік пен анасы айына 60 мың теңге жәрдемақымен күнелтуде. Онысы пәтер ақысы, керекті дәрі-дәрмек пен ішер астан аспайды. Бәрінен бұрын алда-жалда қайтыс болсам, балам мүлдем көше кезіп қала ма деп алаңдайды анасы.
Зейнелхан Сыздықова, Беріктің анасы:
- Неге осындай мүгедек болып қалдым, егер денім сау болса, құрбыларыммен, достарыммен, күліп-ойнап, семья құрып жүрмес пе едим деген сөздер жаныма батып, жүрегім ауырады. Былай да жүрегім ауырады. Бірақ өзімді өзім ұстаймын.
Берік көзі мүлдем көрмесе де, домбыра тартып, ән айтуға әуес. Анасының қиналып жүргенін жақсы түсінсе де, еш жәрдем бере алмайтынына налиды. Тек қарт шешесіне ән арнап жұбатумен амалдауда.