Қазақстанда орташа атаулы айлық жалақы – 403 251 теңге. Бұл сандармен сарапшылар да, халық та келіспейді. Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі қаржы маманының пікірін сұрады.
Сарапшының айтуынша, елімізде орташа жалақыны ұлттық статистика бюросы есептейді.
«Олардың арнайы екі методикасы бар. Біріншісі – ортақ арифметикалық. Ол бәріне түсінікті, ел бойынша төленетін жалақының санын сол ақшаны алатын адамдардың санына бөледі. Сол кезде ортақ көрсеткіш шығады. Бұл методика барлық елдерде кездеседі. Әрине, арифметикалық арқылы санау шынайы реалийді көрсетпейді. Екіншісі – медианалық түрі. Яғни қоғамды екіге бөледі, жоғары еңбек табатындар мен, төмен жалақы алатындардың ортасындағы көрсеткіш. Мысалы біреу – 100 мың алады, екіншісі – 200 мың алады, үшіншісі – 500 мың теңге алса, ортасында тұрған адамның жалақысы орташа медианалық жалақы болады - 200 мың теңге», - деді Айбар Олжаев тілшіге берген сұқбатында.
Сарапшының айтуынша, ұлттық статистика бюросы екі көрсеткішті көрсетуге міндетті. Дегенмен біздің ортақ картинаға жақыны – медианалық жалақы.
«Қоғамда минималды күн көріс деңгейі және ең төмен жалақы деген ұғым бар. 70-80 мыңның айналасында. Осы көрсеткіштен төмен жалақы белгілеуге болмайды, және осы сома көптеген параметрлерге әсер етеді. Ал егер оны көтеретін болсақ, онда халықтың жалақысы да өсуі керек. Бізде бір маңызды мәселе бар. Барлығы бюджеттің ақшасына сай есептеледі. Яғни, 85 000 теңге қазіргі бюджет төлемдерін ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр», - дейді маман.
Сарапшының ойынан түйгеніміз, Үкімет дәл қазір ең төменгі жалақыны көтеруге қауқарсыз. 120-150 мыңға көтеретін болса, барлық мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің де табысын арттыруға тура келеді. Себебі елімізде ең төмен жалақы алатындардың қатарында кітапхана, музей, пошта қызметкерлері бар.
«Әрине, жалақыны көтерсе халықтың жағдайы жақсарады. Алайда, мемлекетте ондай мүмкіндік жоқ. Еңбек министрлігі әрқашан бюджеттің мүмкіндігіне қарайды. Мемлекеттің қаражаты қандай мүмкіндік берсе, жалақы көлемі де сол мөлшерде белгіленеді. Тәуелсіз методика деген жоқ. Барлығы бюджетке байланысты», - дейді Айбар Олжаев.
Мемлекеттің бюджеті өскен сайын, халықтың да жағдайы жақсармақ. Дәл қазіргі таңда еліміздің жағдайы жоқ дегенде 85 000 теңге беруге мүмкіндігі бар деген сөз. Сонда да ұлттық статистика бюросы көрсеткен сандармен келісуге тура келеді дейді маман.
«Сандармен таласа алмаймыз. Мысалы тау-кен және мұнай саласында жұмыс істейтіндер 1-2 миллион жалақы алса, басқа саладағылар 200-300 мың көлемінде табыс табады. Кейбіреулер тіпті 100 мыңға күн көріп отыр. Осы жерде орташа көрсеткіш, әрине 500-600 мың теңге көлемінде шығады. Сондықтан бұл сандармен келіспеу мүмкін емес. Ал бұл сандар қаншалықты шындықты көрсете алады деген сұраққа жауап берсек, әрине еліміздің нақты картинасын бере алмайды. Шындыққа жақыны ол медианды жалақы. Биыл 285 677 теңгені құрады. Қалай десек те, статистикамен таласа алмаймыз. Мысалы инфляция көрсеткіші 9,8% болып көрсетілген, ал арнайы фискалды чек арқылы тексерген кезде ол 30-55 пайызды көрсетті. Ол да көптеген сұрақтарды туғызады», - деді маман.
Осы ретте ұлттық статистика бюросының көрсеткіші халыққа қаншалықты кері әсер етіп жатыр деген сұрақ қойдық сарапшыға. Себебі халқымыз ипотека мен несие алуға құмар. Жалақы жетіспегендіктен, азық-түлікті де несиеге алып жатқандар кездеседі. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтқан еді.
«2022 жылы инфляция 22% болып, азық-түлік қымбаттап кетті. Былтыр жеке секторда жалақы көтерілмеді. Елімізде кедейлер саны артып келеді. Табысы ең төмен күн көріс деңгейіне жетпейтін халықтың үлесі 4,6%. Халықтың жағдайының нашарлағаны сонша, жейтін тағамдарына дейін несиеге алатын жағдайға жетті», - деген еді ол отырыста.
Несие және ипотека алар кезде, немесе алимент төлеушілер үшін орташа жалақы көлемі қаншалықты әсер етеді?
Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл ұғымдардың арасында ешқандай байланыс жоқ.
«Несие немесе ипотека алар кезде, нақты сол адамның табатын табысына қарайды. Сондай-ақ зейнетақы қорына түсетін салымдарға да байланысты есептеледі. Сондықтан орташа жалақы мен несиенің арасында ешқандай корреляция жоқ. Ал алимент төлеушілердің де өз есебі бар. Жеке азамат өз жалақысынан заң бойынша белгіленген сомасын төлейді», - дейді сарапшы.
Елімізде алименттің мөлшері әр түрлі белгіленеді. Мысалы бір балаға табыстың немесе өзге де кірістің төрттен бір бөлігі. Екі балаға үштен бір бөлігі. Үш және одан да көп балаға тең жартысы.
Осылайша, орташа жалақы көлемі азаматтар табысының нақты көрінісін көрсетпейді. Ал медианалық жалақы төлемі цифрі елдегі жұмыскерлердің 50%-ы азырақ, ал 50%-ы – одан көбірек алатынын білдіреді. Осыдан, неліктен көптеген мамандар медианалық жалақыны нақты орташа жалақы деп есептейтіні түсінікті – ол біздің еліміздің орташа статистикалық азаматына тиесілі және орташа арифметикалық жалақыға қарағанда экономикалық реалийді жақсырақ көрсетеді. Медианалық жалақыны халықтың жалақыларының неғұрлым шынайы көрсеткіші деп санайды, ол елде жағдайды бағалау және қоғамда табыстар тұрғысынан әлеуметтік теңсіздік қаншалықты көрініс тапқанын түсіну мүмкіндігін береді. Бұл соманы біле отырып, азаматтардың өмір деңгейіне қатысты ағымдағы жағдайды бағалауға және одан әрі дамуға болжамды құруға болады. Медианалық жалақының көмегімен еңбек нарығында қандай проблемалар барын анықтауға болады. Мысалы, оны сатып алушылар сұранысының маркетинг зерттеулерінде және бизнесті дамыту болжамына пайдаланады.