Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында мемлекеттік жұмсау үдерістеріне ұлттық цифрлық валютаны енгізудің барысы қаралды.
Талқылауға сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, қаржы министрі Мәди Тәкиев және бейне конференция байланысы арқылы ішкі істер министрі Ержан Сәденов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.
Цифрлық теңгені енгізу, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен автокөлікке қатысты мәмілелер жасау, мектептегі тамақтану, қымбат тауарларды сатып алу, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік несиелеу құралдары сияқты басқа да бағыттарда пысықталып жатыр.
Жиында сондай-ақ нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге де назар аударылды. Бүгінгі таңда «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңға, цифрлық шот ұғымын және басқа да ілеспе нормаларды енгізуді қоса алғанда, бірқатар түзетулер дайындалған.
Премьер-министр цифрлық теңгенің негізгі артықшылықтарын атап өтті. Олар – бағдарламалауға және таңбалауға икемдігі. Бұл қаражаттың қозғалысын қадағалауға және мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатты пайдалануда толық ашықтықты және жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Ақшаны таңбалауды кеңейтуді тиімді жүзеге асыру үшін ақпараттық жүйелердің «Цифрлық теңге» платформасымен уақтылы интеграциялануын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тиісті нормативтік құқықтық базаны пысықтау талап етіледі. «Боялған ақша» тетігін енгізу сапалы және толық көлемде жүзеге асырылуы тиіс. Жақын арада Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде жүз ірі жобаны «цифрлық теңге» форматына ауыстыруды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға Ұлттық банкпен және мүдделі ұйымдармен бірлесіп, экономиканың жекелеген секторларына цифрлық теңгені кең көлемде жедел интеграциялау жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.