”Үндемей келдім, енді жетер”: Анна Чернова Жанабыловтар ісі бойынша тағылған айыпқа жауап берді

Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Чернова ұзақ уақыт бойы бұл іске байланысты пікір білдірмегенін, алайда «жалған ақпарат пен оқиғаны бұрмалауды» жоққа шығару үшін жауап беруге шешім қабылдағанын айтты.

Оның сөзінше, блогерлер хаттамаға қол қоюға дайын болған, бірақ адвокат оларды райынан қайтарды деген мәлімдеме шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Олар — кәмелетке толған, өз бетінше шешім қабылдай алатын адамдар. Комитет жасаған нұсқадағы хаттамаға қол қоймау — олардың өз таңдауы болды», — деді ол.

Заңгердің айтуынша, бастапқыда блогерлер шынымен хаттамаға қол қою мүмкіндігін қарастырған. Алайда ұтыс ойынын тоқтату қажет екені айтылғаннан кейін бұл ойдан бас тартқан. Себебі олар оны тағы бірнеше ай жалғастырғысы келген.

Сондай-ақ, Чернованың сөзінше, хаттаманы ЖШС атына рәсімдеу нұсқасы да қаралған, бірақ Комитет тұжырымды өзгертуге келіспеген.

Ол 2025 жылдың наурыз айында-ақ болуы мүмкін қауіптер туралы ескерткенін айтты.

«Мен бұл ұтыс ойынын бастамауға кеңес бердім, себебі мемлекеттік органдардың ұстанымы заңгер ретінде маған сол кезде-ақ түсінікті еді», — деді Чернова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, блогерлер де осындай ұтыс ойындарына қатысты мемлекеттік органдардың тәжірибесінен хабардар болған. Ол кезде ұқсас іс бойынша алғашқы блогер жауапкершілікке тартылғанын да білген.

Соған қарамастан, оның сөзінше, ұтыс ойыны жазда іске қосылып, тамыз айында тексеріс басталғаны белгілі болған.

Чернова жауапкершілікті адвокатқа жабу дұрыс емес екенін айтты.

«Олардың өздері заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын және хаттамаға қол қоюдан бас тартқанын мойындады. Онда адвокаттың қандай қатысы бар?» — деді ол.

Сонымен бірге заңгер өзінде қосымша ақпарат бар екенін, бірақ әзірге олардың жағдайын қиындатпас үшін оны жарияламайтынын жеткізді.

Еске салайық, блогерлер Жанабыловтарға заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру айыптары тағылған. Істің бастапқы кезеңінде олардың мүддесін адвокат Олег Чернов қорғаған, кейін қорғауды адвокат Гаухар Айтжанова қолға алды.