Үрленген ерін, томпайған бөксе, тартылған қарын - Дана Нұржігіт қазақтың қыз-келіншектері туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Журналист өзіне ота жасауды сұрап, жарнамалауға өтініш білдіргендер туралы айтты.

"JLO деген мен емес, мен-Данамын!

Жақында маған бір клиника абдоминопластика мен глютеопластика отасын тегін жасап береміз, жарнама керек деген өтінішпен хабарласты. Яғни ішіңізді тартып береміз, ал бөксе жаққа өз майыңызды құйып беріп JLO қыламыз дегені ғой. 

Шынымды айтсам,мен басында абдырап та қалдым. Өйткені ойыма да келмеген ұсыныс! Қазір көп қыз-келіншекке оп-оңай көрінетін оталар мен үшін бірінші кезекте ағзаға,денсаулыққа төнген қауіптен,мүжбүрліктен емес,пациенттің өз қалауымен баратын ТӘУЕКЕЛ. Мен ондай тәуекелге, яғни пышаққа өз қалауыммен түсуді ойламаппын да. Менің қатарластарым, өзімнен кіші буын медиа-адамдары жасап жатқанда, қазір визуал заманы екенін түсініп, осы қадамға барып жатқанын ұғамын. Жөн-ақ! Өз беті ,өз еркі. 

Маған тіпті бетіңізде уақыт ізі біліне бастапты, салбыратпай, қазір-ақ ота жасатып тастамайсыз ба, бетіңізді сатып нан табатын мамандықта жүрсіз ғой деп астарлап айтқандар да болды. 

Қайдам… Мен Бибігүл Төлегенованы, Жәния Әубакірованы, Рәбиға Сыздықованы, әсіресе Рәбиға апайды үрленген ерін, тартылған бетпен жып-жылтыр қалпын көзге елестете алмаймын. Мен, Алла қарттық берсе, Рәбиға апайдай қартайғым келеді .Ол кісінің жүзінде бекзат мінез, парасат, өре бар-тын. Ішкі жан дүниесі бетін нұрландырып тұратын. Оған өмірінің соңғы күндеріне дейін жаңылмаған сөзін қосыңыз! Міне,сұлулық! 

Тағы бір ойым: сау жүріп, отаны сұрап алғанда артық қылам деп тыртық қылып қойса ше?! Бетің былай тұрсын, денсаулығың құрып, наркоздың жадыға әсері, балаң қобалжып, абыржып қалады ғой! Сөйтіп, жан-жақты ойлаймын. Осының бәрі-үрленген ерін, томпайған бөксе мен тартылған қарынға тұрарлық дүние ме?! Кетсінші әрі! 

Бәрі мына мидан! Ми емес-ау! Біреудің санамызға құйып жатқан стандарттары,маркетинг! Ал,жеме жемге келгенде сенің біреуге арбалғаның,оның пұл тапқаны. Болды! 

Сондықтан эйджизмге жол бермей,мені қалай бар,солай қабылдарсыздар! 
Жастай алып,қартайғанда тастап кететін бәйбішедей қылмассыздар,қадірлі оқырманым! Осы қалпым өзіме ұнайды. Сізге ше? Әйел сұлулығы,денсаулығы туралы әңгімені 23 қаңтар күні 
“Данамен таңғы аста” жалғастырайық! Хабарландыру,байланыс тлф стористе!", - деп жазды ол.