Үшарал әуежайында жаңа терминал салынады

Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаевтың Жетісу өңірі тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, құрылыстың екі нұсқасы қарастырылып жатыр: біріншісі - ғимараттарды келу және кету аймақтарына бөле отырып, қолданыстағы терминалдың жанынан шағын терминал салу; екіншісі – бірден үлкен терминал салу.

"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін талдап, әзірлеуде. Сондай-ақ, бүгінгі таңда "Сарыөзек-Көктал" жолының 45-68-шақырымдары арасында күрделі жөндеу, ал 68-110-шақырымдары арасында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Келесі жылы 0-ден 45-шақырымға дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тиісінше, жол толығымен ретке келтіріледі", - делінген хабарламада.

Жалпы ұзындығы 762 шақырым болатын "Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" жолын қайта жаңғырту жұмыстары да 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.