Ыстықкөлге кіреберістегі экологиялық бекет жабылмайды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қырғызстан экология және төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен биылғы жылдың 20-маусымына бастап республика аумағында барлық экологиялық бекеттердің жұмысы тоқтатылған. Бұл Қазақстаннан Ыстықкөлге келетін туристер санын арттыру үшін жасалып отыр.

Алайда, А.Арыновтың айтуынша, бұйрыққа Қырғызстан Республикасы экология және төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігіне бағынышты экологиялық бекеттердің ғана жұмысы тоқтатылған, ал шипажай аймағына кіреберістегі бекет облыстық әкімшілікке қарасты. Биосфералық аумақтың бас директорының айтуынша, алымдар тарифі былтырғымен салыстырғанда өзгерген жоқ. Шетелдік туристер өз көлігімен шипажай аумағына енген кезде 500 сом ($12) төлеуі тиіс. Сондай-ақ, әрбір жүргізушінің қолында көліктен шығатын газ құрамындағы көмірқышқыл газының мөлшері нормаға сәйкестігі туралы талон болуы тиіс. Талон құны жеңіл көліктер үшін 120 сом ($3), жүк және жолаушы тасымалдаушы көліктер үшін 480 сомға ($11) тең.