«Юбилейный» дүкенінің қожайыны өртенген үй иелерінің жиһаздарын жаңартып беруге уәде берді

Аталған сауда үйін өрт сөндірушілер 4 жыл бұрын тексерген. Дүкен қауіпті нысан санатына жатқызылмаған.

Айта кету керек, түнгі 4-те тұтанған жойқын өрт бірнеше пәтерді зақымдады.

Қала әкімі аталған пәтерлерді 3 күн ішінде қалпына келтіруге тапсырма берді.

Оқиға орнында 200 адам жұмыс жасап жатыр. Өрт шарпыған 24 пәтердің 7-еуі күрделі жөндеуді талап етеді.

«Кей пәтерлерді 10 күн ішінде жөндеп бере аламыз. Кейбір пәтерлер мүлде жарамсыз болып қалған. Оларға күрделі жөндеу жүргіземіз. Уақыт созылып кетуі мүмкін. 16 пәтердің терезесін ауыстыру керек», - деді дүкендер желісінің басқарушы директоры Алексей Калашников.

Тұрғындардың айтуынша, дүкен директоры оларға зақымданған жиһаз құнын да өтеп беруге уәде берген.


Қазір олардың көпшілігі туысқандарының үйіне орналасты, кейбірі үй алдындағы палаткада өмір сүріп жатыр.

Құрылысшылардың айтуынша, ең басты қиындық телефон, интернет, электр желілерін қалпына келтіруде болып отыр.