Зағипа Балиева қазақ әдебиетін ағылшын тілінде оқытуды ұсынды

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева мектепте қандай пәндерді шет тілінде оқыту керектігін оқушылардың өздерінен сұрауды ұсынды. Бұл туралы ол ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Балалар омбудсмені ағылшын тілінде сабақ беруді қарапайым пәндерден бастауды ұсынды. Себебі физика, химия секілді күрделі пәндерді ағылшынша оқу балаларға өте қиын.

«Бала пәнді ана тілінде әрең түсініп, 12%-ға ғана меңгерсе, онда ол ағылшын тілінде қалай оқиды? Онда оның пәнді игеру көрсеткіші бұдан да төмен деген сөз. Мүмкін, балалармен әңгімелесіп, қандай пәнді ағылшын тілінде оқыту керектігін өздерінен сұрау керек шығар. Бала ағылшынша сөйлеп, мағынасын түсініп үйренуі керек. Мүмкін, әдебиет немесе қазақ әдебиетін ағылшын тілінде берсек? Бәлкім, сол кезде оқушы оны түсініп, сол тілде сөйлейтін болады. Ал мына формулалар, Ом заңы оған өмірде түк те қажет емес. Біз техникалық мамандарды аз дайындаймыз. Әрі кетсе 5 пайыз ғана шығатын шығар», — дейді Балиева. 

Сондай-ақ омбудсмен тағы бір маңызды проблеманы атап өтті. Оның айтуынша, санитарлық нормалардан мектепке сау боп келген бала 11 жыл ішінде түрлі ауруға шалдығады. Ал білім және ғылым министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге көз жұмып қарап отыр. 


"Мектепке дені сау бала келеді, ал 11 сыныпқа қарай 72%-ында көру қабілеті нашарлаған, 34 % – сколиоз, 50 %-дан астамында ішек-қарын жолымен байланысты проблемалары бар. Былайша айтқанда, сау бала мектеп бітіргенде түрлі «кәсіби» ауруға шалдығады, ал біз санитарлық ережелер мен нормаларды қайта қарастырғымыз келмейді. Сколиоз емделмейді», — деп түйіндеді Балиева.