Қарашаның қытығына тиген төрағаны тағынан тайдырудың соңғы табалдырығы тозды бүгін. «Әй дейтін әжесі» де, «қой дейтін қожасы» да қажып біткен «Қазақ зағиптар» қоғамының президентін «орнынан аламыз» деп көз жанарынан айрылған жандардың жазбаған хаттары, қақпаған есігі қалмапты. Бүгін ақыры АҚШ консулынан көмек сұрай келді. Өйткені сайлау болса ұтып шығатын төрағаны төрден төмен түсіретін басқа амал қалмаған ағайында.
Алмат Наурызбаев, «Қазақ зағиптар қоғамының» мүшесі:
-Құқық бұзушылықтар бар мысалы, бір мүлікті сатуға қарсы тұрсақ сол қарсы тұрған адам қуғынға ұшырайды. Бұл 37-ші жыл шындап келгенде.
Әншейінде есігінен сығалатпайтын АҚШ дипломаттары бұл жолы көп күттірген жоқ. Зағиптардың алдынан шығып ізет білдірді тіпті. Қазақтың жанарын жоғалтқан жандарына жәрдем жасаймыз деп желпінген, тек қол қойылып тапсырылған хатты Америка арқылы Қазақстан билігіне жеткізу керектігін естігенде күмілжіді.
- Арыздарыңыз Ақш-тың бас консулына жететін болады.
Хатты алып ішке тайып тұрған елшілік қызметкеріне үмітпен қарап қалды біздің зағиптар. Жатқа қол жайып жеткеніміз қарынның ашқанынан, қадірдің қашқанынан дейді олар.
Гүлшаһар Жақыпова, «Қазақ зағиптар қоғамының» мүшесі
-Хатты жазуындай-ақ жаздық, баруындай-ақ бардық сол хатты жеткізе алмағаннан кейін келіп отырмыз. Елімізде жарияға жар салғымыз келмеді. Бірақ бұл жерде осындай хәлге жіберіп отырған жаймен келіп отырмыз.
Кеңсесі Астанада жайғасқан Қазақ зағиптар қоғамының басшысына бұл жолы да шу шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. Айыптаған айыптарынан ақпын, құзырлы орындар тексеріп түк таппай кетті дейді ол. Тіптен бүгін Америкаға алақан жайғандардың қоғам атынан ауыздарын ашуға құқықтары жоқ деп салды. Төрағаны орнынан алу үшін құрылтай жасау керектігін ескертті.
Байболат Әубәкіров, «Қазақ зағиптар қоғамы» бірлестігінің президенті:
-Олар қоғам атынан сөйлеуге қандай қақылары бар. Олар қоғам сайлаған жоқ, өкілеттік берген жоқ, қоғам мені сайлады, қоғам атынан мен сөйлей аламын. Олар сөйлей алмайды. Тексерді көрді ештеңе таппағаннан кейін Обамаға жазып жатыр, енді не Обама келіп тексере ме?
-Расында, мұхиттың арғы бетіндегі Американың біздің зағиптардың бас қайғысына басы ауырып ұйқысы қашуы екіталай. Ал айқайға айыпты болып қалған, тұтас топ жылдар бойы жағаласып орнынан алдыра алмай келе жатқан Қазақ зағиптар қоғамының президенті қарсыластарының сазайынын сотпен бермек.