Заң және Тәртіп: Прокурор Айжан Аймағанова «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясын бастауға шақырды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Құрметті форумға қатысушылар!

Қадірлі жиналған қауым!

Ең алдымен, баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын.

Осы 10 жыл ішінде Аналар кеңесі еліміздегі беделді қоғамдық институттардың біріне айналды. Ұйымның өңірлерде өз көшбасшылары мен қолдаушылары қалыптасты. Бүгінде олардың басын біріктіретін бір ғана мүдде бар. Ол – ұлттың саулығы мен тәрбиесі, ынтымағы мен бірлігі.

Сіздердің отбасы институтын сақтау мен нығайтуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған бастамаларыңыздың маңызын ерекше атап өткім келеді.

Аналар кеңесінің мүшелері әрқашан қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, оны шешуге белсене қатысуда. Оның ішінде құқықтық тәрбие беру мәселесі де бар.

Өздеріңізге мәлім, кейінгі кездері жастар арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі байқалады. Зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық фактілері, балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдатады.

Мен прокуратура қызметкері ретінде күн сайын осындай істердің куәсімін. Бұл бізге моральдық-психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Бір жағынан ана ретінде аяғын шалыс басқан жастардың болашағына уайымдаймыз, екінші жағынан заңгер ретінде жаның ауырады. Қалай десек те, заңды шешім шығарып, жастарды тура жолға салуға тырысамыз.

Бірақ, неге біздің балалар заң бұзады? Неге қатыгездік танытады? Осы ойлар көп мазалайды мені, осы ойлардан бір түйгенім, отбасында тәрбие құлдырап тұр. «Ел боламын десең бесігінді түзе» деп айтқан Мухтар Әуэзов. Ендеше, отбасына бет бұрайық.

Отбасының ұйытқысы – ана. Бүгінгі форумға жиналған барша аналарды қоғамда құқықтық мәдениетті насихаттауға белсенді атсалысуға шақырамын.

Осы орайда, Аналар кеңесі аясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» қоғамдық акциясын бастауға шақырамын. Оның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттау.

Осы арқылы жастарды құқықбұзушылық кеселдерден аулақ болуға тәрбиелейміз.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», - деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы.

Сөз соңында заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты биік қоюға әр азамат, әр отбасы өз үлесін қосуға міндетті екенін атап өткім келеді, деді прокурор Айжан Аймағанова.