ҚР әділет министрлігінің атынан сөз сөйлеген Алматы қалалық юстиция департаменті төрағасының орынбасары Бағдат Байсекеновтың хабарлауынша, заң жобасының басты мақсаты "тиісті тәртіппен рәсімделмеген және заңсыз айналымда жүрген жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жариялы есеп жүйесіне енгізу және жаңа экономикалық қарым-қатынастарға қамту болып табылады". ҚР әділет министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстан аумағында 4,179 млн. жылжымайтын мүлік нысаны саналған. Ал тіркеуші мекемелердің құқықтық кадастр мәліметіне сәйкес, мұндай нысандар саны небәрі 3,429 млн.
Б.Байсекеновтың айтуынша, сарапшылар "ел экономикасында тиісті тәртіппен рәсімделмеген мүліктер 30 процентті құрайды" деп бағалап отыр. Мемлекеттік мекемелердің мәліметіне сенсек, "Қазақстан аумағында тиісті тәртіппен меншіктену құқығы рәсімделмеген, экономиканың көлеңкелі секторында жүрген 749 мың нысан, соның ішінде 486 тұрғын үй нысаны, 173 мың пәтер, 86 баспанаға арналмаған нысан, 5 мыңдай кәсіпорындар мен өндірістер бар". Соның салдарынан мемлекеттік бюджет жыл сайын салық түріндегі 1,2 млрд. теңгеден қағылып отыр. Мүлікті жариялы болдыру шарасын өткізуге мемлекеттік бюджеттен 1,2 млн. теңге жұмсалады деп күтілуде.
Д.Байділдиновтың айтуынша, мүлікті легализациялау шарасы қажет. Өйткені, соңғы 10 жылда тек қана құқықтық әдістермен реттеуге келе бермейтін сан алуан қарым-қатынастар қалыптасты. Мәселен, Алматыда ешбір жоспар-жобасыз оралмандар ауылы бой көтеріп, соңыра ол "Шаңырақ" ықшамауданы болып құрылды. Қолданыстағы заңа сәйкес, әрекеттер жүзеге асырылса, онда Алматы қалалық әкімшілігі заңсыз иемденілген жерлерде бой көтерген үйлерді құлатуы тиіс. Алайда, қазір ол жерде 75 мыңдай адам тұратындықтан, мұндай әрекет әлеуметтік шиеленіске алып келмек. Демек, түйткілді шешудің басқа да дәстүрлі жолдарын іздестіру қажет, деді ол.
Келесі жағынан мүлік пен капиталды жариялы болдыру "мемлекеттік қызметкелердің қатарын жасырын түрде кәсіпорындарды иемденетін тұлғалардан тазартуға септігін тигізеді". "Легализациялау шарасынан кейін олар мемлекеттік қызметте қалған дұрыс па , әлде заңды бизнеске бетбұру керек пе деген таңдау жасауға мәжбүр болмақ",- дейді Д.Байділдинов.
Кәсіпорындардың көлеңкелі капиталын жариялы болдыруға мүмкіндік жасалған жағдайда ғана экономикалық тиімділікке қол жетеді. Бұл айналымдағы қаржы көлемін біршама арттыруға мүмкіндік беру арқылы тағы да ел экономикасының жандана түсуіне түрткі болмақ, дейді заң факультетінің деканы.
Дегенмен, Д.Байділдиновтың айтуынша, заң жобасының тәжірибелік бөлігін дәйектеу қажет, соның ішінде түрлі мемлекеттік басқару деңгейлерінің құзыретін анықтап, меншік құқығын айқындау процессіне соттарды тарту тәртібін белгілеу тәрізді көптеген істерді тындыру керек.