«Соңғы уақытта елдімекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері болғаны белгілі. Осыған байланысты, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бұзушылықтар үшін жазаны қатайтуға бағытталған бірқатар шараларды пысықтады», - деді Мырзағалиев.
Оның айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына толықтырулар енгізуде. Оған сәйкес, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кескені, жойғаны және зақымдағаны үшін өтем ретінде 30 есе көп мөлшерде ағаш отырғызу міндеттеледі. Ал, жеке және заңды тұлғалар мен іргелес аумақтағы жасыл екпелерді жойған адам 10 есе көп ағаш отырғызуға мәжбүр болады.
Орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін де базалық ставкаларға өзгерістер енгізіледі. Қызыл кітаптың тізімінде тұрған ағашты шапқан адамға салынатын айыппұл мөлшері 6-дан 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бұл, шамамен, 3 миллион теңгеге жуық ақша.
«Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге түзетулер әзірленді. Әкімшілік кодексте дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатайту бойынша Қылмыстық кодекске өзгерістер көзделетін болады», - деп хабарлады Мырзағалиев.
Әкімшілік жауапкершілік тұрғысынан ағаш шапқандарға салынатын айыппұл мөлшері қылмыстың қайталануына байланысты:
- жеке тұлғаларға 10-нан 150 АЕК-ке дейін;
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 450 АЕК-ке дейін;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40-тан 600 АЕК-ке дейін;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100-ден 1500 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.