Заңсыз жолмен арақ жасайтын 47 цех анықталды - ҚР Қаржы министрлігі

Елімізде былтыр  арақ-шараптың заңсыз айналымы бойынша 200-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне Қаржы министрлігінен хабарлады..

«2017 жылы алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 217 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркелді, 173 қылмыс әшкере болды. 2016 жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс және тәркіленген, есепке ілікпеген алкоголь өнімдерінің өсуі байқалады. Осы деректерді анықтауға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр қазан айында ұйымдастырылған ауқымды тексеру шаралары өз көмегін тигізді. Сонымен қатар, атқарылған жұмыс бюджетке түсімдердің аударылуына септігін тигізді, олардың сомасы 2016 жылғы 29 млрд теңгеден 41 млрд теңгеге дейін немесе 30 пайызға артты», - деп атап өтілген ведомствоның мәліметінде. Белгілі болғандай, алкоголь өнімдерін дайындау жөніндегі 47 астыртын цехтың жолы кесілді, олардың негізгі бөлігі Алматы қаласының (13) және Алматы облысының (11) аумақтарында орналасқан. «Көлеңкелі айналымнан 8 698 007 дана алкоголь өнімдерінің шөлмегі, 3 457 752 жалған есепке алу-бақылау маркалары, сондай-ақ 345 867 литр спирт тәркіленді», - делінген министрліктің хабарламасында. Тәркіленген алкоголь өнімдерінің ең көп саны келесі өндіру зауыттарына тиесілі: «Евразия Элит» ЖШС (ОҚО) - 1 033 322 шөлмек; «Максимус» ЖШС (Ақтөбе) - 270 188 шөлмек; «Геом» ЖШС(Ақтөбе) - 824 643 шөлмек; «БН» ЖШС (Алматы облысы) - 540 380 шөлмек; «ПВЗ» ЖШС - 3 235 427 шөлмек. Аяқталған қылмыстық істер бойынша белгіленген зиян 663,9 млн теңгені құрады, оның 42,5 млн теңгесі өндіріп алынды. Еске саласақ, ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев алкоголь өнімдерінің көлеңкелі айналымымен күресті сынға алған болатын.