Заты бар да, аты жоқ ауылдың тұрғындары шу шығарды

-Ауыл ауыл болғалы соңғы үш жыл ішінде бұл жерге 200-ге жуық отбасы қоныстанып үлгерген. Бірақ әлі күнге дейін не елді-мекенге, не ойқы-шұйқы болған жолдарға атау берілмепті.

Сондықтан ресми түрде аталмаған ауылды тұрғындар жай ғана «Жаңақұрылыс» деп кеткен. Басында ауыл шаруашылығына деп бөлінген жер телімдерін, 3 жыл бұрын жұрт жеке адамның қолынан сатып алған екен. Сондықтан әкімдіктің бұл ауылда шаруасы жоқ көрінеді. Алайда, сол кезде адамдардың үй соғып жатқанын көрген шенеуніктер, жұмған ауыздарын ашпапты. Енді тұрғындар құжаттарын рәсімдей алмай әлек.

Қарлығаш Сәкенбекова, Ауыл тұрғыны:

-Елді мекеннің аты жоқ. Тіркеуде жоқпыз. Балаларымызға да анықтама алып бере алмаймыз. Мектептен сұрайды ғой. Себебі, ештеме жоқ.

Шағын елді-мекенде шу шығарған мәселе тек бұл емес. Ауыл тұрғындары айдалада жетімнің күйін кешкендей. Себебі, жарықты өз қалаталарына тарттырған тұрғындар тіршілік көзі сусыз отыр. Мектеп, аурухана сынды маңызды әлеуметтік нысандарды айтпағанда, қарапайым дүкенге дейін жоқ.


Мұхаметқали Нөкербеков, ауыл тұрғыны:

-Дүкен жоқ. Нан алу үшін Алматыға барамыз.  Жол деген жоқ жауын жауса, мына жерден жүре алмаймыз.

Ал, атқамінерлер болса, қашанғыдай барлығына тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Яки, ауылдың жер телімдері әуел баста шаруашылық жүргізу үшін жеке адамның қолына берілген. Енді бұл жерді бөлшектеп-сатқан сол азамат, атауы жоқ ауылдың тағдырына жауапты дейді. Атқамінерлер тіпті 200-дей үйдің салынғанынан хабарсызбыз деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

-Жерді шаруа қожалығынан сатып алдыңыздар. Соның басшысына барыңдар. Сол ғой сендерде жарық жүргізіп, суға қарық қыламын деген. Мемлекеттің бұл жерде еш қатысы жоқ. Барыңдар.

Шағын елді-мекеннің қашан ресми ауыл статусын алатыны осылайша, белгісіз қалып отыр. Ауыл ертеңі үшін алаңдаған жандар енді облыстық әкімдікке шағымданбақ.