"Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан бірде-бір адам емдеусіз қалмайды", - деп мәлімдеді бүгін журналистерге Ж. Арзықұлов. Оның түсіндіруінше, 2006 жылдан бері еліміздегі барлық онкологиялық емдеу мекемелеріне әлемнің дамыған елдерінде қолданылатын емдеу стандарттары енгізілген. "Біздің институтта қазіргі заманғы сегіз сәулелік аппарат жұмыс істейді. Олар бірін-бірі алмастыру принципіне сәйкес жұмыс істейді. Егер бір аппарат істен шықса, онда науқастар басқа аппаратпен емделеді", - деп атап өткен Ж. Арзықұлов "дәрілік заттардың тапшылығы болған емес", деп қосты.
"Тауқыметтер, әрине, баршылық, дегенмен, ТМД аясындағы бірде-бір мемлекет онкология саласындағы проблемаларға біздің еліміздегідей көңіл бөлген емес. Қазіргі жағдаймен бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп отыр", -деді ол.
Осы орайда еске сала кетсек, өткен аптада бірқатар БАҚ-тарда "Бюро интеллектуальной собственности" Қоғамдық қорының вице-президенті Нина Савицкая мен онкологиялық науқастарды қолдау жөніндегі "Здоровая Азия" қоғамдық қордың президенті Нағима Плохихтің Қазақстандағы онкологиялық науқастардың тиісті деңгейде ем қабылдай алмай отырғандығы және Қазақстанның онкология және радиология институтында ескірген жабдықтардың қолданылатындығы жөніндегі мәлімдемелері жарияланған болатын. Бүгін қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері баспасөз мәслихатын өткізіп, "онкологиялық институтта тіпті кейде бір мәрте қолданылатын шприцтер мен системалар да жетіспей жататын күлкілі жағдай қалыптасатынын" мәлімдеді.
"2003 жылы институтта әйелдердің ауруларын іш жағынан сәулемен қыздыруға арналған "Селектрон" аппараты жұмыс істемей қалу оқиғасы көрініс берсе, осы кезеңде балаларды емденуге арналған жалғыз аппарат - "Клинак-2100" да істен шыққан. Бұл аппараттардың істемей қалуына басты себеп - мемлекет тарапынан апарттардың қосалқы бөлшектеріне арнап бөлінген қаржы қолды болған, ал бұл іс-шараға институт басшылығы атсалысқан", - деп мәлімдеді Н. Савицкая.