Зейнетақы рәсімдеу туралы өтініштер электронды нұсқада қабылданатын болады

Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарымен кездесу барысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Руслан Ерденаев осылай мәлім етті.

Басқарма Төрағасының айтуынша, БЖЗҚ корпоративтік стратегиясына сәйкес, ең бірінші кезекте зейнетақы қызметтерінің сапасын арттырып, оны озық халықаралық стандарттарға жеткізу мәселесі қойылып отыр. Осы міндеттер аясында электрондық қызмет көрсетуді дамыту көзделеді.

«Осыған байланысты, шоттарды ашуға, реквизиттерді өзгертуге өтінімдер беруді, зейнетақы төлемдерін рәсімдеуді электрондық сандық қолтаңбаны пайдалана отырып, Интернет арқылы  электронды нұсқада жүзеге асруды ұсынамыз. Осылайша, салымшы қорға қайта-қайта бара бермей, керісінше Қор салымшы үшін жайлы жағдайлар жасауға тырысады. Мәселен, алдағы уақытта зейнетақы жасына жеткен азаматтарға олардың өтініш бермегеніне қарамастан автоматты түрде төлемдер аудару ұсынылады», - дейді БЖЗҚ басшысы.

Оның айтуынша, бұл үшін зейнетақы төлемін алушыға қатысты әртүрлі мемлекеттік мәліметтер базасының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету шарт. «Бұдан бөлек, біз алдағы уақытта халықпен өзара кері байланысты мейлінше дамытуды жолға қоямыз. Ерікті зейнетақы жинақтарын қалыптастыру мәдениетін дамыту бойынша жұмыс істейміз. Әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, жеке және кәсіби корпоративтік жоспарларды әзірлеумен айналысатын боламыз», - деді Р. Ерденаев.