Бұл ақпаратты банктің баспасөз қызметі растады, деп жазды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, өтінімдер 2 наурыз, дүйсенбіден бастап қайта қабылданады.
Еске сала кетейік, қаңтардың аяғында банк БЗТ қаражатын несие бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге пайдалану өтінімдерін уақытша тоқтатқанын хабарлаған болатын.
Банк мәліметінше, бұл шешім қашықтан қызмет көрсету жүйелерін, мобильді қосымша мен otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетті жаңа талаптарға сәйкестендіру қажеттілігіне байланысты қабылданған. Бұған дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін БЗТ пайдалану қағидаларында "берешек" ұғымы "негізгі қарыз" терминімен ауыстырылған.
"Бұл дегеніміз, енді зейнетақы жинағындағы артық қаражатты несие бойынша ішінара немесе мерзімінен бұрын толық өтеу кезінде тек негізгі қарызды жабуға ғана пайдалануға болады. Бұрын "берешек" ұғымына кіретін ай сайынғы төлемді біржолғы зейнетақы төлемі есебінен толық өтеу мүмкін болмайды. Несие бойынша пайыздар мен ай сайынғы төлем құрамына кіретін өзге де ілеспе төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс", - деп түсіндірді Отбасы банк.
Осы өзгерістерге байланысты Отбасы банктегі қарызды ішінара және толық өтеу тетігі жаңартылып, соның салдарынан өтінім қабылдау уақытша тоқтатылған.
"Алдағы уақытта бұл операция екі бөліктен тұрады: алдымен несие бойынша сыйақы мен өзге де ілеспе төлемдер қарыз алушының жеке қаражаты есебінен төленеді, содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинағындағы артық қаражат есебінен өтеледі. Ол үшін Отбасы банктегі ағымдағы және арнайы шотта қаражаттың болуын алдын ала қарастыру қажет", - деп хабарлады Отбасы банк.