Бұл, әсіресе, жеке секторда жұмыс істейтін азаматтар үшін өте маңызды мәселе. Қаржылық сауат телеграм арнасының кеңесін Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Мысалы, сіз жеке шаруашылықта жұмыс істейсіз, бірақ ауызекі тілде айтсақ, «пенсионкаңыз жүрмейтін» болса, онда сол жұмыс орнында қанша жыл еңбек етсеңіз де, ол және еңбек кітапшаңызға жазылса да, зейнет жасына келгенде ол мерзімнің «құны» болмайды.
Иә, тұрақты айлығы үшін ғана азамат бір жерде 10 жыл жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ жұмыс орны (көбіне жеке шаруашылықтарда) жұмысшының ай сайынғы зейнетақы жарнасын төлемейді. Ертең ол азамат зейнеткерлік жасқа келеді, үкіметтен алатын «пенсиясын» түгендей бастайды. Сол кезде ойлауы мүмкін: қолымда еңбек кітапшам бар, жылдар бойы тыным таппай еңбек еттім, зейнетке келдім, енді алатын зейнетақым мол шығуы керек деп.
Мәселе осы жерде туындайды екен. Өйткені сіздің жұмыс берушіңіз де, өзіңіз де зейнетақы жарнасын төлеп отыруға құлық танытпадыңыз. Сол жарна төленбеген жылдардың барлығына сізге зейнетақы есептелмейді. Сонда еңбек өтіліңіз «далаға кетті» деген сөз.
Біз осы мәселе төңірегінде «БЖЗҚ» АҚ өкілі Мұрат Шәріповпен сөйлескенбіз. Сонда сала маманы Қазақстан азаматтары осы мәселеге дұрыстап ден қою керек екенін қадап айтты.
"Көптеген азаматтарымыз «қазір жұмыс істеп жүрмін, еңбек өтілім жүріп жатыр» деп ойлайды. Бірақ ол жаңсақ пікір. Өйткені 1998 жылдан бастап азаматтардың зейнет жасына шыққанда есепке алынатын өтілі – зейнетақы қорына тиісті жарналық төлемдер түскен сәтте ғана есептеледі. Сондықтан еңбек кітапшасына құр сене бермегені дұрыс. Осыған өте мұқият болу керек. «Мен соңғы 3 жылда мына жерде жұмыс істедім. Міне, еңбек өтілім бар» деп еңбек кітапшасын көрсетіп жатады. Бірақ зейнетақы қорына түсуі керек міндетті жарнасы жоқ. Сол үшін зейнеткерлік жасқа келгенде ол еңбек өтілі есепке алынбайды. Сондықтан жеке шаруашылықта еңбек етіп жатқан азаматтарымыз уақытылы ай сайын зейнетақы жарналарын өтеп тұрғаны жөн", - деді ол.
Өзіңізді жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер болсаңыз да, осы жағын реттеп қойыңыз. Ай сайынғы табысыңыздан міндетті зейнетақы жарнасын төлеп отырған – өзіңіз үшін жақсы. Құр еңбекке, жарнасыз қалған жылдарға сеніп отыра бермеңіз. Қамданыңыз. Әдемі қартаюға да әдемі дайындық керек екен. Біз соны түсіндік.