Жабайы базарлар түгел қиратылмақ

Бұл - Алматының құрылысына жауапты тұлғалардың тағы бір мәрте бас қосқан жиыны. Әдеттегідей, әңгіме сол баяғы шулы базар – Барахолка жайында. Бірақ бүгін жауаптылар жай емес, жаңалықпен келіпті. Қаңтардан бастап сүрілген базарлардың орнында жолайрық құрылысын бастамақ.

Ғабит Садырбаев, Құрылыс және сәулет басқармасының бастығы:

- Біздің ойымыз сол. 2-3 жылдың ішінде толық салып бітуіміз керек.

Сөйтіп, ақырында мына эскиздегідей жайлы кешеннің құрылысы бой кетеруі тиіс. Әзірге «жобаның іске асуына» деп бюджеттен 14 миллион теңге де бөлініп қойыпты. Десе де жабайы базардан қаланы жаппай тазартуға білек сыбана кіріскен шенділер Барахолкамен ғана тоқталмақ емес екен. Талапқай сай келмейтін қала ішілік 34 сауда орнының көзі жойылмақ. 

Ғабит Садырбаев, Құрылыс және сәулет басқармасының бастығы:

- Қала бойынша 74 сауда орны бар.  Оның ішінде Әуезов ауданында 4, Алмалы ауданында 6, Алатау ауданында 10, Бостандық ауданында 4, Жетісуда 7, Медеуде 1, Түрксібте 2 сауда орнының тұрған жері біздің бас жобаға сәйкес келмейді.

Басшы «жарамсыз» деп тізбекке ілген бұл сауда орындары келер жылдың басында қайта өңделу жобасын ұсынып үлгеруі тиіс. Соның бірі кісі аяғы Барахолкадан кем түпсейтін - Тастақ базары. Бірақ екінші болып, ілмекке ілінерін білсе керек, сауда орны құрылысқа әзірлігін бастап кетіпті.


Бектас Қасабеков, «Тастақ» базарының қызметкері:

- Базарды жаңарту жобасын негізі біз 2004 жылы-ақ бастап едік. Бірақ дағдарыс кезінде тоқтап қалды. Енді жаңа жылдан кейін қайта қолға аламыз. Заманауи 6 ғимарат салынады.

Осы түста айта кетсек, кәсіпкерлер палатасы да қарап отырмай, базарларды жаппай акционерлік қоғамға айналдыру керек деген ұсыныс ортаға тастап отыр.