Тілімізді өлтіруге бағытталған, жоспарлы түрде жасалаған реформаның нақты қаупін ұмытып кеткен сияқтымыз деді ол өз сөзінде.
Бұл туралы Caravan.kz порталы Абай.кз-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Латын әліпбиіне көшу орыс тілінің ықпалын азайтып, ығыстыра алады ма? Латын әліпбиіне көшу – орыс әлемінен шығуды білдіре ме?
- Иә. Бұл – сөз жоқ, бөлектену. Жабысып тұрған кіндікті ажырату. Бірақ негізгі мақсат – орыс әлемінен аулақтау емес, дыбысымыз бен сол дыбыстың таңбасын дұрыстау. Қойыртпақ болып бара жатқан фонетикамызды қалпына келтіру. Ал орыс әлемінен ажырау – сол, дыбыстық жүйенің өзгерісінен туатын табиғи үдеріс. Біздің қазіргі кирилл таңбасын үйреніп кеткеніміз соншалықты, 1939 жылы тілімізді өлтіруге бағытталған, жоспарлы түрде жасалаған реформаның нақты қаупін ұмытып кеткен сияқтымыз. Бізге сол уақытта өмірімізде көрмеген таңбалар мен дыбыстау аппаратымыз шығара алмайтын дыбыстар берді... Бізге орыс әліпбиін толық енгізді де, қосымша есебінде қазақтың төл дыбыстарын жамап берді. Бұл – қазақ әліпбиі емес, шын мәнінде, орыс-қазақ әліпбиі болатын. Бұл – 1930 жылдардан басталған орыстандыру саясатының («тілдік жоспаралау», «тіл саясаты»), жоспарлы түрде жасалған бірінші қадамы еді. Оның соңы, ақырғы межесі – Кеңес одағындағы барлық тілдерді жойып, орыстілді елге айналдыру болатын.
Бұл жерде орыс тілінің ешқандай да кінәсі жоқ. Оны саяси құралға айналдырып отырған орыстілді билік екені де белгілі. Латын әліпбиіне көшкеннен соң, орыс әлемінен бір мезетте ажырап кетеміз деп те ойламаймын. Бірақ жиырма жылдан соң, менің немерелерімнің, шөберелерімнің орыс тіліндегі газет-журанлдарды оқып, орыс тілінде ақпарат алып отырғанын елестете де алмаймын. Қазірдің өзінде латын әліпбиіне көшу – Рубиконнан өткенмен бірдей болып тұр. Онсыз да тілдік белгілеріне қарай екі бөлінген қоғамның алдында нақты таңдау тұрған сияқты. Не - қазақ әліппесі, қазақ тілі, қазақ елінің болашағы, не - орыс тілі, дүбәра қоғам, бір жаққа шығу.
Қысқасы, біз латын әліпбиіне көшкен жоқпыз, біз – өзіміздің ана тілінің табиғи жүйесіне қайтып келдік.
Егер әліпби ауыстыру мемлекеттік тіл мен ресми тіл мәселесі арасындағы тіл үстемдігі мәселесін шеше алмаса, әліпбиді ауыстырудың қандай маңызы бар?
Айта кету керек, «мемлекеттік тіл» мен «ресми тіл» деген - бір ұғым. Мемлекеттік тіл дегеніміз – ресми тіл дегеніміз. «Орыс тілі – ресми тіл» деген жазуды Қазақ елінің ешбір заңынан таба алмайсыз. Қазақ елінде статусы бар жалғыз тіл бар, ол – қазақ тілі. «Орыс тілі – ресми тіл» деп жүргендер – біздің қазақша қақпайтын шенеуініктер мен бұрынғы тілдік үстемдігіннан айрылып қалғандарына ызалы орыстілді шовинстер. Оған біздің мұрнының астындағына көрмейтін көпшілік те еріп, «орыс тілі – ресми тіл» деп қайталаудан жалықпайды. Заңда «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөз тіркесі бар. Тек екі ғана жерде және «ресми түрде»! Бірақ орыстілді билік дүкендердегі тауарлардың атауларынан бастап, көшелердің аттарына дейін екі тілді жазып, қос тілді қоғам жасап шығарды.
Меніңше, тілдік (фонетикалық) реформамен қатар мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау қажет. Алдында айтып кеткендей, латын әліпбиіне көшу – орыс тілінің заңсыз үстемдігін толық тоқтата алмайды. Тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің қолданудан шығып бара жатқанына әліпби кінәлі емес, сол тілді қоғамның барлық саласында қолдана алмай отырған азаматтар ғана кінәлі. Тілімізге заң арқылы қажеттілік тудырмай отырған билік кінәлі. Қазақша сөйлемейтін, жазбайтын әрбір азамат кінәлі.
Ал «Әліпбиді ауыстырудың қандай маңызы бар» деген сұраққа Қазақтың тілін дұрыстау үшін деп жауап берер едім. Бірақ бұл жұмыстың – латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді дайындаудың – қазіргі жағдайына қарным ашады. Төртінші жылға кетті, біз әлі ырғалып жырғалудамыз...