Желіде қазақ ақсақалы туралы тың ақпарат тарады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ақсақал туралы отандық және қазақ БАҚ жарыса жазып жатыр.
"Қытайда қазақ ұлтынан шыққан дәрігер Ухас Сүлеймен елдегі ең жоғары партиялық марапат – «1 шілде» орденімен марапатталды. Марапатты ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин табыстады. Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, бұл марапатқа ие болған алғашқы қазақ.
Ухас Сүлеймен 1975 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келеді. Қалада жұмыс істеу мүмкіндігі болса да, ол Шыңжаңның шалғай ауылдарын таңдаған. Жылдар бойы науқастарға атпен барып, қарлы боранда, таулы жолдар мен өзендерден өтіп, адамдардың өмірін аман алып қалды. Тіпті бір жолы қалың қарды жаяу кешіп өтіп, босанғалы жатқан әйелге дер кезінде жетіп, ана мен сәбидің өмірін сақтап қалған.
Ол еңбек жолында 200 мың шақырымнан астам жол жүріп, 100 мыңнан аса адамды емдеді және 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектесті. Сол үшін жергілікті халық оны «ат үстіндегі ақ халатты жауынгер» деп атайды.
2015 жылы зейнетке шыққанымен, дәрігерлік қызметін тоқтатқан жоқ. Қазір де тұрғындарды тегін қабылдап, шалғай ауылдарға медициналық көмек көрсетуді жалғастырып келеді.
Осындай жандардың еңбегі шын мәнінде кез келген марапатқа лайық", - деп жазылған жазбада.
Көпшілік қарияның жағдайы жоқ адамдарды тегін қабылдап, тегін емдейтінімен халық ықыласына бөленгенін атап өткен.