Турнирді ҚР Волейбол одағының техникалық қолдауымен «Қос қанат» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Демеушісі «SWATCH» компаниясы, ақпараттық демеуші «Хит ТВ» телеарнасы. Ал Бас демеуші «KOTEX» сауда маркасы. Шараның мақсаты елімізде кенже дамыған спорт түрі - жағажай волейболын насихаттауға бағытталған. Ол үшін шара барысында білікті спортшы қыздар арнайы шеберлік сабақтарын өткізетін болады.
«Біз осы шараны ұйымдастыра отырып халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Өзінің қарапайым шарттылығымен және көрерменін қызықтырғыштығымен ерекшеленетін осы жағажай волейболын қызығушылар арасында кеңінен насихаттауды көздейміз», деді «Қос қанат» ұйымының жетекшісі Денис Лазарев.
Сайыс әр аптаның сенбі күндері өтеді. Оған жалпы саны 12 команда қатысады. Бірінші күні 5 команда өзара сайыста жеңімпаздарын анықтап үлгерді. Шілденің 3-і күні жарыстың қорытындысы шығып, жеңімпаз жұптар марапатталады. Марапаттау рәсімінен соң «Мисс Бикини» жағажай конкурсын өткізу жоспарланған.