Жағажай волейболынан "Үлкен дулыға" әлемдік турының Мәскеудегі кезеңінде қазақстандық спортшылар 17-ші орыннан көрінді

Маусымның 9-ы күні басталған бұл байрақты бәсекеге әлемдік рейтингтік қорытынды бойынша үздік 64 команда қатысқан болатын. Онда ел намысын Александр Дьяченко мен Алексей Сидоренко қорғады. Олар алғашқы екі раундта франциялық (21:15, 18:21, 15:13) және қытайлық спортшыларды (17:21, 21:18, 15:11) 2:1 есебімен ұтты. Соның нәтижесінде қазақстандықтар жарыстың негізгі кестесінде бақ сынаған 32 команданың қатарына еніп, Азия құрлығынан қатысқан 3 елдің бірі болды. Алайда бұл сайыста олар әлемдік рейтингте 1-ші және 17-сатыда тұрған АҚШ пен Нидерланды елінің командаларына 2:0 есебімен есе жіберді. Әлемдік рейтингте үздік 64-тің қатарында ең соңғылардың бірі боп тұрған Қазақстан құрамасы үшін Әлемдік тур кезеңінде алдыңғы 20-лыққа ену үлкен жетістік болып саналады.