Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарт агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"16 қарашадағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика сары аймақта тұр. Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы инфекция таралу қаупі жоғары қызыл аймақта тұр. Орташа қауіпті сары аймақта - Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары", - деп атап өтті Цой.
Министр қалған өңірлер салыстырмалы түрде инфекцияның таралу қаупі төмен жасыл аймақта екенін жеткізді.
"КВИ-ге шалдыққандар саны артқан жағдайда, халыққа сапалы және уақтылы көмек көрсету үшін медициналық ұйымдар 71 мың төсек-орын дайындап отыр. Қазір инфекциялық төсек-орынның 21% және реанимацияның 17%-да пациент бар. Азаматтарға үйде медициналық көмек көрсету үшін көшпелі мобильді бригадалар дайындалды. Мобильді бригадалар биыл шілдеден бері 280 мыңнан астам қызмет көрсеткен", - дейді министр.
Шілде айымен салыстырғанда қазір жедел медициналық көмек шақырушылар саны 43,8%, ал КВИ бойынша - 79% төмендеген.