Газоннан желмен бірге құлаған балалардың туыстарының бірі жағдайға қатысты бар шындықты айтты, деп хабарлайды Caravan.kz.
Зардап шеккен баланың жағдайы туралы блогер, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мәлім етті. Белгілі болғандай, халық қалаулысына балалардың туыстарының бірі хат жазған көрінеді.
"Сәлеметсіздер ме! Сізге Қарағанды қаласынан хабарласып тұрмын. Кеше жанұямызда қайғылы оқиға орын алды. Ағамның үлкен ұлы таэквандодан келе жатып газоннан өтіп бара жатқанда қатты желден газон көтеріліп баланы 10 метрден жоғары лақтырып жіберген. Баланың жағдайы өте ауыр. Қазір ота жасауға дайындап жатыр. Бас сүйегі сынған, жағы сынған, қолы сынған. Қылмыстық іс қозғалды. Бұл акиматтың толықтай кінәсі. Газонды салғандарына 2-3апта болды. Ол газон бекітілмеген. Қоршалмаған. 2-3 апта балалар сол газонда ойнап жүрді. Акимат тарапынан, подрядчиктерден ешқандай ақпарат болған жоқ. Балалар ойнамасын деген, үстінен жүрмесін деген. Акимат кеше барлық каналдарға жалған ақпарат, интервью беріп жатыр. Якобы 1 апта ғана бұрын құрған деген. Осыған қатысы бар деген адамдар өз жазасын алса дейміз. Әділдік болса екен дейміз. Өз тараптарыңызға алып бақылауда ұстасаңыздар. Алла разы болсын. Балаларымыз аман болсын", - деп жазған баланың туыстары.