«Жағымсыз жаңалықтарды шектеу қажет пе?»

"Эмоцияға, негативке толы жаңалықтар бүгінгі арналардың негізгі контентіне айналғандай. Бұл жаңалықтар кейде өзіңді біреу келіп алқымыңнан қысқандай күйге түсіретіні де рас. Тіпті кейбір арналар ғаламторда өріп жүрген әуесқой түсірілімдерді де, адамды жирендіретін ақпараттардың әр деталін көрсетіп, суреттеп береді. Жаңалықтардың сұрқы осындай болса, балаға қалай «жаңалық тыңда» демекпіз? Әсіресе, кешкі астың басында бала-шағамен отырып қараудың өзі қиын. Бұл, жаңалық беру тәртібін белден басу емес пе? Телевидениедегі этикалық норма қаншалықты сақталып отыр? Тәрбие тізгінін босатып жіберген жоқпыз ба?", - деп сауал тастайды мақала авторы. 

"Бала кезімізде әкем: «мультфильмдер ғана қарай бермей, бір мезгіл жаңалықтар тыңдасаңдаршы» дейтін. Бірақ қазір балаларға бұлай деп айтуға аузың бармайды. Педофилдерді, суицидке барғандарды, зорлық-зомбылық жасап жатқандарды, тіпті көшеде көпшіліктің көзінше жыныстық қатынасқа түскен ессіздерді де көгілдір экраннан жар сала жариялап жатқанда, енді қалыптасып келе жатқан балаға «жаңалық тыңда»  деп қалай айтасың?", - делiнген аталған материалда.