Бұл туралы Нұрсұлтан Құрманмен болған сұхбатында айтты, деп жазды Stan.kz.
"Бауыржан шоу" театрының басшысы, негізін қалаушы, актер Бауыржан Ибрагимов телеарнадан көрсетіліп жатқан Қаламаймын жобасының негізгі мақсатын айтты.
"Қалаулымды жауып тастауға болады. Бірақ оның артында адамдар тұр. Рейтингі жақсы, ақша жүріп жатыр. Көрсетілім бар. Көретін көрермен бар болған соң, оны ешкім жабуға асыққан жоқ. Бізде бәрін ақша шешеді. Ақша болса, тыйым болмайды. Менің бағдарламамда мен ене мен келін, келін мен жігіттің қатынасы жайлы талқылаймыз. Оларды үлкен өмірге дайындау, дайындығын тексеру, келіннің міндеттері қандай, көзқарасы қандай деген мәселені талқылаймыз. Ақыл-кеңесімізді айтамыз. Алдағы уақытта студияға ас үй жасаймын. Келін ененің алдында сынақтан өтеді. Қолынан не келеді? Өнерін салады. Жігіттерді ипподромға апарамын. Атқа отыра ала ма, көкпар шаба ала ма, қой соя ала ма деген сияқты. Менің мақсатым "Қалаулыммен" бірдей емес", - деді ол.
Бауыржан Ибрагимов көпшілікке шетелдің тұрғын үйлерін жарнамалап жүрген әнші-жыршыларға да қарсы.
"Ернар Айдар арзан ақша үшін алданып қалып, кешірім сұрап еді ғой. Бұл да соның кебі. Шетелдік бір компания әншілер арқылы адам тартқысы келді. Ол үшін жарнамалау керек болды. Әншілер ақша үшін келісті. Соңы осылай болатынын білген жоқ. Онсыз да аш-жалаңаш отырған халық шетелде шалқып жүрген әншілерді көрсе, соққы алады. Бұл моральді тұрғыда ауыр. Онымен қоса елім деп жүріп, Түркияға көшіңдер деген миға сиятын әңгіме емес. Көшетін адам көше берсін. Ешкімнің мұрты қисаймайды. Оның соңынан ешкім еріп кетпейді. Бірақ адам жауапкершілікті ойлау керек", - деді актер.
Ибрагимов қазіргі сайлау алдындағы партиялардың жұмысына көңілі толмайды. Партия мүшелері емес, бір адамға ғана халық дауыс беру керек деген ойда.
"Қазір партиялар үгіт-насихат жүргізіп жатыр. Мені түсінігімде бір ғана адам сайлануы керек. Ертең олар бір-біріне сілтемей ме? Халыққа уәде береді. Оның кім орындайды? Бәрі орындай ма? Бір ғана адам жауап беру керек емес пе? Қазіргі жүйе ұнамайды. Ол жаққа барғым да келмейді. Бізде халық бір жақта, үкімет бір жақта. Бірлік жоқ", - деді ол.
Бауыржан мырза "Жайдарманға" бір рет қонақ болғаны есте. Алайда одан соң КТА-ға ат басын бұрмапты. Себебі көрерменнің білімі таяз екенін ойға түйген.
"Мені бір рет "Жайдарманға" шақырды. Марапат беруге бардым. Одан кейін бара алмайтынымды айттым. Себебі мен оны түсінбеймін. Көрермені де басқа. Біреу шығып айқайласа, соған күле беретін көрермен. Көрерменнің сауаты жоқ. Ондай жерде отыра алмадым. Жеңіл әзіл, арзан күлкі. Мұны өнер деуге келмейді", - деді Ибрагимов.