Жалақы ашықтығы мен еңбек қауіпсіздігі: Жұмысшы құқығын қорғайтын еңбек реформасы басталды

Елімізде еңбек қатынастары саласын реформалау бойынша маңызды қадам жасалды. Мәжіліс депутаттары жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту және олардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Еңбек кодексі мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл бастама еңбек нарығындағы ашықтықты арттырып, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы құқықтық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Азаматтық-құқықтық келісімшарттарды еңбек шарттарының орнына қолдануға тыйым

Заң жобасының негізгі тұжырымдарының бірі — еңбек қызметінің қандай да бір белгісі байқалса, жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт жасасуға тыйым салу. Бұл түзету жұмысшылардың құқықтарын шектейтін көлеңкелі тәжірибелерді жоюға бағытталған. Қазіргі таңда көптеген жұмыс берушілер қызметкерлерді әлеуметтік кепілдіктерден, сақтандырудан және еңбек өтілінен айыру үшін азаматтық-құқықтық келісімшарттарды еңбек шартының орнына қолданып келген. Енді жұмыс беруші толыққанды еңбек шартын рәсімдеуге міндетті болады. Бұл норманың мақсаты — қызметкерлерді заңды құқығынан айырмай, әлеуметтік қорғауды нақты қамтамасыз ету.

Ұжымдық шарттарға жалақы арақатынасы бойынша міндетті талап енгізіледі

Заң жобасы ұжымдық шарттардың мазмұнын да кеңейтеді. Енді кәсіпорындар мен ұйымдарда белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша ең жоғары және ең төмен еңбекақы арасындағы рұқсат етілген арақатынасты міндетті түрде көрсету талабы енгізіледі. Бұл шара еңбекақының әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, айқын жалақы саясатын қалыптастыруға бағытталған. Жұмыс берушілер жалақы айырмашылығын өз қалауынша белгілей алмайды, ал қызметкерлер өздерінің жалақы жүйесінің қалай қалыптасатынын нақты көре алады.

Жас баланы күткен әкелердің уақыты еңбек өтіліне есептеледі

Әлеуметтік кодекске енгізілетін жаңа норма бойынша жұмыс істемейтін әкелердің жас балаларды күтіп-баққан кезеңі еңбек өтіліне енгізіледі. Бұл түзету отбасы ішіндегі жауапкершілікті әділ бөлісуге, әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын ынталандыруға және әлеуметтік теңдік қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Бұл норма аналарға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, әкелердің де әлеуметтік қорғау жүйесіне толық қатысуын қамтамасыз етеді.

Еңбек дауларын шешудегі делдал рөлі мен тәртібі нақтыланады

Заң жобасында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау механизмін күшейту мақсатында татуластыру комиссиясына делдалды тарту және оның қатысу тәртібін егжей-тегжейлі реттеу қарастырылған. Бұл еңбек дауларының ашық, әділ және екі тараптың мүддесін ескеретін форматта шешілуіне ықпал етеді. Делдалдық рәсімдер еңбек жанжалдарын созбалаңға салмай, бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді.

Өндірістік жарақат ауырлығын уәкілетті орган анықтайды

Жаңа заң жобасы өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін анықтау ережелерін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бекітуін көздейді. Бұл бағалаудың бірыңғай ұлттық стандартын қалыптастырып, субъективті шешімдердің алдын алады. Жұмыс берушілердің жауапкершілігі артып, қызметкерлердің құқықтары одан әрі қорғалады.

Еңбек шарттарын қашықтан рәсімдеу жеңілдейді

Бұған дейін Қазақстанда еңбек шарттарына бірнеше минут ішінде қашықтан қол қою мүмкіндігі енгізілгені хабарланған. Бұл еңбек қатынастарын тіркеуді жеңілдетіп, көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайтуға бағытталған.

Мәжілістің бірінші оқылымда мақұлдаған бұл заң жобасы Қазақстандағы еңбек қатынастарының сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Енді құжат екінші оқылымда қаралып, тиісті рәсімдерден кейін Сенат пен Президенттің қарауына жіберілмек.