"Замана" газетінің ол кісімен әңгімесі ұл баланың тәрбиесі, ер азаматты сыйлау тақырыбында өрбіген.
Орамал тақпайтын әйелдің үйінен періште қашады
«Ата-анамның менен бұрынғы перзенттері жастай шетінеп, мен ғана аман қалған екенмін, – дейді Жұмакүл Жангелдіқызы. – Отбасында жалғыз перзент болған соң шығар, әкем де, анам да мені көзінен таса қылмайтын. Бетімнен қақпай, еркелетіп өсірді. Әкем марқұм жоғарғы сыныптарда оқып жүргенімде де сабақтан қайтып келе жатқанымда алдымнан шығып күтіп алушы еді. Анадай жерде келе жатып, мені көрген кезде әкемнің көзінде пайда болатын қуаныштың ұшқынын байқайтынмын. Сөйте тұра ол кісіге: «Неге күніге алдымнан күтіп ала бересіз?! Мен енді үлкен қыз болдым ғой. Ертең алдымнан шықпаңыз!» – деп ұрсамын. Жан әкем маған қарсы келмейді: «Мақұл», – деп басын изейді де, ертесіне тағы алдымнан шығып тұрады. Сол кезде балалықпен әкемнің қамқорлығы мен әкелік махаббатын түсінбеген екенмін. Ал қазір ол кісінің әр сөзін, әр қылығын сағынышпен еске алып отырамын».
Өкінішке орай, Жангелді қария қызының тойын көре алмапты. Әкесі Жұмакүл күйеуге шықпай тұрғанда бақилық болып кеткен. Бағына орай, ата-енесі көкірек көзі ашық, түсінігі мол жандар болып кездесіпті.
«Біз әулетімізбен педагогтармыз, – дейді Жұмакүл Жангелдіқызы. – Жолдасым, өзім, қайынатам, қайныларым, абысындарым да – педагогтар. Бір-бірімізді жарты сөзден түсінеміз десек те болғандай.
Мен келін болып түскеннен кейін көп ұзамай-ақ енем жағдайымды түсініп: «Екеуің бірдей бала тәрбиесі ісімен айналысып жүріп анаңды жалғыз қалдырғаның жарамас», – деп еншімізді бөліп беріп, күйеуім екеумізді анамның қолына жіберді. Анам қазақы салт-дәстүрді қатаң ұстанатын, өмір бойы ерінің айтқанынан шықпаған момын кісі еді. Сөз арасында: «Иә, Жангелді» деп әкемнің атын қыстырмаса әңгімесінің шырайы кірмейтіндей, өмір бойы әкемнің қас-қабағын бағумен өтті. Анамның еріне бұлай шектен тыс сенім артып, арқа сүйегенін мен ол кісінің жоғары білім алмағанынан, қараңғылығынан деп түсінуші едім. Қазір ойлап отырсам, ерін ардақтап, басына көтере білудің өзі үлкен қасиет екен-ау.
Анамның қолына, өз үйіме көшіп барғаннан кейін бастағы орамалды шешіп, еркімше жүргім келген. Бір жағынан енем де маған орамал тақ деп қатаң талап қойған емес. Орамал басымда тұрмай, түсіп кете бергенін байқаған енем: «Орамал тақпай-ақ қойшы, әбіржіп кеттің ғой», – деп жалаңбас жүруіме өзі рұқсат бергені бар. Тіпті ол кісі мені ұзатылған қызым деп еркелетіп алатын.
Енемнің өзі осылай кеңшілік жасағанымен жалаңбас жүруіме анам келіспеді. Ол кісі: «Сен енді тұрмыстағы әйелсің, орамалмен жүруің керек. Жалаңбас жүрген әйелдің үйінен періште қашады. Әйелдің жалаңбас жүруін дініміз де құп көрмейді. Оның бәрін былай қойғанда, ерің мен балаларың сен әзірлеген тамақтың арасынан қыл теріп отыруы керек пе? Орамал тартсаң, тамағың таза болады», – деп айтып жүріп, басымнан орамал тастамайтын етіп үйретті.
Жолдасым жалақысын тиынына дейін қалдырмай, менің қолыма салатын. Оны көрген анам маған: «Күйеуіңнің айлығын алып қоя бермей, өзіңдікін қосып оның қалтасына салып қой. Сонда несібең артады. Үйдегі тоңазытқышты бос қоймайтының секілді еріңнің де қалтасы бос тұрмасын», – дейтін. Кейде күйеуіме қаттырақ сөйлеп қалсам, оңаша шығарып: «Балам, еркекті олай тұқыртуға болмайды. Еркекке өктем сөйлемейді», – деп қателігімді бетіме баса қояды.
Анам осындай жан еді».
Ұлым ер мінезді болсын десеңіз...
Жұмакүл Ахметованың бір ұлы кішкентай кезінде шетінеп кетіпті. Қалған төртеуі аман-есен, ата-анасының көз қуанышы, көңіл жұбанышы болып шауып жүр. Үлкен ұлы Дархан әскери қызметте. Үйленген, балалы.
Әңгіме ауаны ұл тәрбиесіне қарай ойысқанда Жұмакүл апай: «Ер баланың табиғаты бөлек болады, – деді. – Қыз балаға отыр десең, үндемей ойыншықтарымен ойнап отырады, ал ұлға олай бұйырып сөйлей алмайсың. Олар қимыл-қозғалысты жақсы көреді. Жүгіреді, секіреді, әйтеуір бір жерде тұрмайды. Ондайда балаға: «Отыр-ей!» – деп жекіп, ұрып-соға берсең психологиялық соққы алып қалады. Сөйтіп өскенде жасық, ез болып шығады. Ер баланы еркін өсірген жақсы, ер мінез содан пайда болады. Қазақта бәйгеге қосатын аттың басына ноқта салмайды, байламайды, еркіне жібереді. Ер жігіт жылқы мінездес дегендей, ер балаға да шыли шектеу қоймай, еркіндік берген жақсы. Дегенмен ата-ананың ақылы балаға ешуақытта артықтық етпейді. Өзім білгенімді балаларыма айтудан ешқашан жалыққан емеспін».
Үлкен ұлын ғана үйлендірген Жұмакүл Жангелдіқызының әлі үш бойдағы бар. Ол кісі өте жайлы ене екен.
«Ұлым мен келінім Астанада тұрады. Жылына бір рет еңбек демалысын алған кезде үйде бір айдай болып, демалып қайтады. Келінім өте жақсы, тәрбиелі жердің қызы. Кейде оның жап-жас болып, қазан-ошақтың басынан шыға алмай қалғанына жаным ашып, кіші ұлдарыма: «Бір күн жеңгелеріңді қазан-табақтан босатып, кәуап пісірсеңдерші», – деп отырамын. Базардан төрт-бес келі ет алса, бәріміз тоя жейміз. Әрі келініміз де демалып қалады», – дейді ол кісі.
Өмірінің есте қаларлық сәттерінен осылайша сыр шерткен Жұмакүл Ахметованың бұл әңгімесі көпшілікке тиісінше ой салады деген үміттеміз.