Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жылдық қорытындысын вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова тыңдауға келді. Кезінде осы саланы басқарған ол ішкі мәселені жақсы біледі. Соңғы кезде бұл ведомствадан шыққан әрбір реформа жұрттың жаппай наразылығын тудырып, басшы тұрақтамай қойған еді. Енді Тамара Дүйсенова да тәуекелге барып, бірқатар жаңалық енгізбекші. Ол ең алдымен жалақы төлеу жүйесіне өзгертпек.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Келесі жылдан бастап қызметкерлердің жалақысы білім деңгейіне, атқаратын жұмысының ауыртпалығына, біліктілігі мен жауапкершілігіне қарай белгіленеді. Осы талаптар бойынша жұмысшылар төрт лауазымға жіктейміз. Олар - басқарушы, негізгі, әкімшілік-шаруашылық және техникалық персонал.
Жаңа жүйеге көше салысымен, 2015 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы – 28 пайызға, ұстаздардың - 29, әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы - 40 пайызға дейін көтеріледі. Астанадағы қарттар мен мүгедектерге арналған мекемеде күтуші болып жұмыс істейтін Нұрсәуленің міндеті соңғы санатқа жататады. Бір күнде 18 адамға қызмет ететін күтуші қазір не бары 35 мың жалақы алады екен.
Нұрсәуле Әбенова, Астана қаласы «Қарттар мен мүгедектерге арналаған медициналық-әлеуметтік мекеменің» палаталық санитары:
-Бұл кісілерді суға түсіреміз, тырнақтарын аламызқ, басынан бастап аяғына дейін. Тамақтарын да береміз, киімдерін де ауыстырамыз. Шахтадағы жұмыстан да қиын деп айтсақ болады.
Жаңа жүйе күшіне енсе, Нұрсәуле 35 мыңның орнына 49 мың теңге жалақы алады. Астанада пәтер жалдап тұратын күтуші келіншек бұл ақшаға да қазанымда күнде қазы-қарта қайнай қоймас дейді.
Нұрсәуле Әбенова, Астана қаласы «Қарттар мен мүгедектерге арналаған медициналық-әлеуметтік мекеменің» палаталық санитары:
-Жүз мың болса да аз емес, Өйткені мынандай жұмысқа адам шыдай алмайды. Не пәтерге жетпейді, квартира жалдап тұрады көбі мұнда не жол ақысына жетпейді.
-Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова жалақыдан өзге соңғы уақытта жиілеп кеткен жұмысшылар өліміне қатысты мәселені де қозғады. Министр өндіріс кезінде адам қазасына бірнеше рет жол берген кәсіпорындардың жұмысын тоқтату туралы ұсыныс жасады. Ал, қазіргі заң бойынша қарамағындағы қызметкері абайсызда опат болса, компаниялар 500 мың көлемінде айыппұл төлеп оңай құтылып жүр.