Жалақыларын талап еткен жұмысшылар басшыларының кабинетіне басып кірді

 Мына жиналып тұрған жүргізушілер өздерін уәдемен жарылқап келген бастықтарына қатты өкпелі. Жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорын олардың әрқайсысына 300 мың теңгеден қарыз. Тек былтыр астық жинау науқанының алдында 14 жүргізушінің қарызы толық өтеліпті. Одан кейінгі жарты жылда басқалары ақша ұстап көрмеген.   

Жақсылық  Сүлейменов, күзетші:     

-Сол күзеттің ақшасын алты айлап бермейді. Бес мың береді 10 мың береді, қалғаны. 17-ақ мың оклад, соның өзін бөліп-жарып мазақ қылады кісіні, барсаң қуып шығады контордан.

Онсыз да мардымсыз жалақыға қарағандар несие де ала алмай қалған. Өйткені жұмыс беруші зейнетақы қорларына үш жылдан бері бір тиын да аудармапты. Сондықтан жұмыстан тыс уақытта жұрт қосымша ақша тауып, күн көруде. 

- «Аштан өлмейік деп» бөтелке жинап тапсырамыз. Балық аулап жеп отырмыз.

Ашынған жұрт бастықтың бөлмесіне баса көктеп кірді. Бірақ жуырда ғана «тағайындалдым» деген бастық өзіне шаң жуытар емес. Бар кінәні кәсіпорынды шығынға белшеден батырып, қашып кеткен бұрынғы директорға сілтеді. 

Асқар Базилин, «Транспортник» ЖШС директоры: 


-Жалақы қарызы туралы мәселені құрылтайшыларға айттым. Олар бір айдың ішінде мәселені шешуге тырысамыз деп уәде берді. Күтуден басқа амал жоқ менде. 

Тек жұмысшыларына 6 миллион теңгедей қарыз бұл кәсіпорынның бюджетке де берешектері жеткілікті. Былтыр салықшылар мұндағы 14 жүк көлігін сатып, өз қарыздарын өндіріп алыпты. Еңбек инспекторлары да өткен  күзде тексеру жүргізіп, 350 мың теңге айыппұл салған.

Амандық Сейфуллин, СҚО бас еңбек инспекторы :

-Заң бойынша біз тексергеннен кейін, кінәлі ұжым болғаннан кейін, оны айып салмай кетуге болмайды. Өйткені ертең екіншізаңмен қарағанда, сол тексерген адамға «закон о коррупций» бойынша ол кісі жауапқа тартылады.

Материалдық базасы мықты кәсіпорын қазір түрлі тендерлерден үмітті.

-Бұл кәсіпорынның құрылтайшысы Ресей компаниясы екен.  Олардың Солтүстік Қазақстан облысында 37  шаруашылығы мен кәсіпорындары  бар. Қазір солардың бесеуінде жалақы қарыздары қордаланып тұр. Шетелдік компания бүгіндері облыстағы бар мүлкін сатып, елден кетіп жатқан көрінеді.