Ұлттық банк жалған теңгені қалай тануға болатынын айтты. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда жалпы сомасы 259 400 теңгені құрайтын 57 жалған ақша белгісі анықталды
Табылған жалған ақшалардың арасында 49 банкнот пен сегіз монета бар. Ұлттық банктің мәліметінше, бұл 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 68,4%-ға аз. Ол кезде 96 жалған ақша белгісі анықталған болатын.
Ең жиі қолдан жасалғандар – номиналы 2 000 теңгелік банкноттар. Алты ай ішiнде осындай 22 купюра анықталды. Бұл жалған ақшалардың жалпы санының 38,6%-ын құрады.
Екінші орында номиналы 10 000 теңгелік банкноттар – 16 дана немесе 28,1%. Тағы 11 жалған ақша немесе 19,3% номиналы 5 000 теңгелік купюраларға тиесілі болды. Қалған 14%-ын монеталар құрады.
Ұлттық банкте сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын жарнамалық хабарландырулар туралы ескертті. Оларда ұлттық валютаның нақты банкноттарының сыртқы келбетін имитациялайтын полиграфиялық өнімдерді сатып алу ұсынылады.
Мұндай купюраларда «ПРАЗДНУЕМ ВМЕСТЕ!» және «НЕ ЯВЛЯЕТСЯ ПЛАТЕЖНЫМ СРЕДСТВОМ» сияқты бөгде жазулар орналастырылуы мүмкін.
Ұлттық банк қазақстандықтарға банкноттарды мұқият тексеруді, жазуларға назар аударуды және ақшаның түпнұсқалығын тексеруді ұсынады. Нағыз купюраларда көзбен және ұстап сезу арқылы анықтауға болатын қорғаныс белгілері бар.
Күмәнді банкноттар, соның ішінде түпнұсқа ақша белгілерінің сыртқы белгілерін имитациялайтын банкноттар табылған кезде дереу құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі жаңа коллекциялық монеталарды айналымға шығарды.
Сондай-ақ Ұлттық банкте бірыңғай QR-кодты іске қосу банктік карталармен төлем жасау мүмкіндігін жоймайтынын хабарлады.