Тараз емханаларының бірінің қызметкері ПТР-сынамасының теріс нәтижесі бар анықтаманы іс жүзінде тексеру жүргізбестен берген. 26 жастағы медицина қызметкері көрсетілген қызмет үшін ақша алмағанын, тек бір анықтама бергенін айтты. Алайда бұл ақпарат тергеу барысында тексеріледі.
Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-бөлігі ("Жалған құжаттарды, бланкілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу") бойынша соталды тергеу басталды.
Ал анықтаманы пайдаланған 47 жастағы әйелге қатысты ҚР ҚК-ның 385-бабы 3-бөлігі ("Көрінеу жалған құжатты пайдалану") бойынша іс қозғалған.
Жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, істің мән-жайы тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды.