Жамбыл облыстық прокуратурасы жаңа босанған әйелге ВИЧ індеті жұғуына себеп болған аурухананың медициналық қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғады

Атап айтсақ, аурухананың бас дәрігерінің емдеу істері жөніндегі орынбасары, қан ауыстыру бөлімінің меңгерушісі мен акушер-гинеколог дәрігердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "медицина қызметкері тарапынан өзінің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамау салдарынан адамға иммунитет тапшылығы вирусын жұқтыру" жөніндегі 116-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге, Е.Қуанышевтың айтуынша, Мойынқұм аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметінен босатылды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жаңа босанған әйелге тексеруден өтпеген донор - осы аурухананың медбикесінен 2006-жылдың қаңтар айында қан ауыстырып құйылған.

Алдын-ала тергеу қорытындысына сәйкес, жаңа босанған әйелден екі күннен кейін қан кете бастаған. Қолда бар қанның жетіспеуіне байланысты оған екі донордан қан ауыстырып құйылған. Олардың бірі - әлгі медбике.

Е.Қуанышевтың айтуынша, қан ауыстырып құйылған жас босанған әйелге ВИЧ індетінен тексеру ережеге сәйкес 6 айдан кейін емес, прокуратураның талабы бойынша қазан айында ғана жүргізілген. Ал мұндай тексеруге Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетінің белең алуы себеп болғаны белгілі.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті