Даудың басы жерден басталған. Қордай тұрғынының айтуынша, «Сарыбұлақ» компаниясы әке-шешесінен қалған 21 гектар жерді өзінің атына рәсімдеуге мүмкіндік бермепті. Сергелдеңге салған серіктестіктің акционері облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев көрінеді. Ал шенеунік жерді қайтаруға құлықсыз деп отыр. Сондықтан атқамінердің үстінен шағым жазған. Бірақ мәселе шешілудің орнына, қысым күшейіпті.
Сергей Величко, Қордай ауданының тұрғыны:
- Аудан әкімнің орынбасары келіп, сен кімсің Астанаға хат жазатын? Енді жазатын болсаң, Мұратбай Жолдасбаев сені сотқа беріп, жұтатып жібереді деп қорқытты.
Айтқандай, Жолдасбаев мырза Сергей Величконы сотқа берген. Құзыретті орындарға жазған арызы үшін емес, ар-намысын аяқасты етіп, ағайын-туыс, әріптестерінің алдында масқаралады деген негізде.
Сергей Величко, Қордай ауданының тұрғыны:
- Назвал я его поганым, нахальным, высокомерным, чванливым, беспринципным, циничным и подлым человеком.
Шенеуніктің шамына тигені осы сөздер. Сондай-ақ арыз авторы, Мұратбай Сматайұлы екі жүз гектар жерді күшпен басып алды, оның меншігінде он көлігі бар, тіпті баласы 4 адамды қағып өлтірген деп жазған. Осы дәйексіз деректері үшін де жауапқа тартылуы мүмкін. Әкімнің орынбасары одан миллион теңге моральдық шығын сұрап отыр.
Мұратбай Жолдасбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Бүкіл Қазақстанға әйгілі қылды, бүкіл Қазақстаннан кешірім сұрасын. Телеарнадан сұрасын. Жалғыз Қордайдан ғана кешірім сұрайды ма? Жамбыл облысы түгел біледі. Бұл Жолдасбаев кім дейді ғой мынадан кейін. Интернет порталдан күнде шығып жатыр, мынандай-мынандай адам деп.
Мұратбай Жолдасбаев жалған мәлімет таратқан тілшіні де сотқа бермек. Өткен аптада ақпарттық порталдың бірі шенеунік асылып өлді, оған облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тікелей қатысы бар деп жариялаған. Бұл суыт хабардан Жамбыл жұрты бір дүрлікті. Әсіресе өліп-тірілген шенеуніктің анасы, баласының бақилық болғанын естіп, есеңгіреп қалыпты. Әкімнің орынбасары енді осыған қатысы бар журналистерді де жауапқа тартқызам деп отыр.