Әзизбектің қазір жүріп тұруға шамасы жоқ. Жол апаты кезінде екі аяғы бірдей морт кеткен. Күрделі ота жасалып, қазір сынған сүйегі темірмен жалғаулы. Қатты соққыдан бас сүйегіне де зақым келіпті.
Әзизбек Кеңесов, жәбірленуші:
-Жүргіншілер жолынан өттім. Артыма бір қараған кезде машинаның дауысы шықты. Артымда тұр екен көлік. Ары қарай жансақтау бөлімінде ояндым ғой. Білмеймін ары қарай.
-Адам өлімімен аяқтала жаздаған оқиға дәл осы жерде осыдан екі ай бұрын болған. Әзизбек түнгі екілер шамасында екі қарындасы және тағы бірнеше достарымен үйіне қайтып келе жатыпты. Бәрі жолдан кесіп өтпек болса керек. Сол сәтте, топты бастап келе жатқан Әзизбекті жүйіткіген көлік іліп әкеткен. Қаққан бойда ондаған метрге сүйрепті.
Адам қаққан көлік Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Демесіновке тиесілі екен. Шұғыл жеткен шенеунік ешкімге тіс жармауын өтініп, жәбірленушінің аяғына жығылыпты. Енді онысын ұмытып, істі жылы жабуға күш салып жатыр екен.
Сейтқали Төлегенов, Ә.Кеңесовтың әкесі:
-Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Демесінов, қалалық жол полиция бастығы Күлшашов, және Досымов, Оспановқа іс қозғалуын талап етемін. Неге? Өйткені істі басынан бастап дұрыс жүргізбей, бір жақты жүргізгендері үшін. Баламнан, қасындағы қыздарымнан түсінік алмағандары үшін.
Ал, полиция қызметкерлері жәбірленуші тараптың дүрлігуіне негіз жоқ дейді. Айыпталушының үстінен қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүріп жатыр екен. Оның кінәсі дәлелденсе 2 жыл жаза кесілмек.
Талғат Сатыбалдинов, Жамбыл облыстық ІІД қызметкері:
-Тергеу амалдары әлі жалғасуда. Ал, көлік жүргізушісінің ішімдік ішпегені анықталып отыр. Жол көлік оқиғасы кезінде ол сау болған. Дегенмен оның жүргізушілік құжаты алынған. Әзірге көлік басқаруға құқы жоқ.
Алайда, көлік басқаруға құқы жоқ деген сол жігіт әкім орынбасарын әлі тасып жүр. Ал, бастығы болса тілшілермен тілдесуге құлықсыз.
-Мақсат мырза?
-Жоқ Руслан ештеме айтпаймын..
-Бұл көлік сол уақытта не істеп жүр еді, жүргізушіге қандайда бір шара қолданылды ма?
-Сот шешеді оны..