Жамбыл облысында аяздан жолаушылар қаза тапты деп жалған ақпарат таратқан әйел жазаға тартылмақ

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KTK арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Өңірдегі қолайсыз ауа-райы үш күнге созылды. Осы уақыт ішінде құтқарушылар, полицейлер және әскерилер жолдан адасып қалған жолаушыларды құтқарды. 5 мыңнан астам адам аман қалды. Кейін зардап шеккендер жоқ екені айтылды. Алайда артынша табыттағы жүздеген мәйіт туралы айтылған әйелдің хабары Қазақстан халқын дүр сілкіндірді. Бұл шындыққа жанаспайды және полицейлер ақпаратты жария еткен әйелді іздеп жатыр. Жалған мәлімет бергені үшін оған 9 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Алматы тұрғынын да осындай жаза күтіп тұр. Ол жеті адамнан тұратын отбасымен қақаған аязда қарлы тас жолда қалып кеткен. Құтқарушылардың тез келуі үшін ол қорқынышты оқиға ойлап тапқан. Айтуынша, аязда жолда қалып қойған автобуста 17 бала тоңып жатыр, оның екеуі қаза болған.

"Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері Қордай өңірінде кәмелетке толмаған балалардың тоңып, қаза болғаны туралы жалған ақпарат таратқан Алматы қаласының тұрғынын анықтады. Материалдарды одан әрі қарау үшін іс ер адамның тұрғылықты жеріндегі полиция қызметкерлеріне берілді. Қалған фактілер бойынша қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - делінген хабарламада.