Жамбыл облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралінің екі учаскесінің құрылысы аяқталады


Жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер компаниялар -«АКМ» және «КСС Е&С» АҚ ЖФ.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыру аясында қазіргі уақытта Жамбыл облысында 8 учаске уақытша қолданысқа берілді.
Жобаны толық жүзеге асыру 2015 жылға жоспарланған. Алдымен Таразды айналып өтетін 65 шақырымдық учаскенің құрылысы аяқталмақ.

Жаңа тас жолдың Жамбыл облысындағы бөлігі негізінен Қырғызстан аумағын айналып, Алматы - Ташкент - Термез трассасы арқылы өтеді. Күйік, Шақпақ асулары, Тараз қаласы және Шақпақ ата, Бауыржан Момышұлы, Айша бибі, Құлан, Қордай елді мекендерінде айналма жол салынбақ.

Еске сала кетейік, 2010 жылдан бері елімізде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәліз құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Тас жолдың Қазақстан аумағымен өтетін бөлігінің жалпы ұзындығы - 2 787 шақырым. Жамбыл облысы бойынша магистральдің 495 шақырымы өтеді.