«Қазір Шаяхметованың жағдайы тұрақтанды, бірақ ауыр, күйзеліс артта қылды», - деп сәрсенбі күні Шу ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Сейсен Ақпаев хабарлады.
«Ірі сүйектері сынғандықтан көп қан жоғалтқан. Қазір гемодинамика тұрақтанды», - деді ол.
Аудан прокуроры Сабыр Тұяқбаевтың айтуынша, әзірге зардап шеккен азаматшаның палатасына ешкімді кіргізуге болмайды.
«Қазір ол аздап сөйлеп жатыр. Бірақ, оған ешкімді кіргізбейді. Науқас тек полицейлермен жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер де оны көп алаңдатпауды сұрап отыр. Жарақаты ауыр», - деп қосты С.Тұяқбаев.
«Олимп Эйр» ЖШС-нің «Қазақмыс» корпорациясы қызметкерлері мінген ұшағы сейсенбі күні Жамбыл облысының шатыркөл кеніші аумағында апатқа ұшыраған болатын.
Бастапқы болжамдар бойынша, ұшақ тұман салдарынан әуежайға қонар кезде апатқа ұшыраған.
Апат кезінде экипаждың үш мүшесі мен «Қазақмыс» компаниясының үш қызметкері қаза тапты. «Балқаштүстіметалл» ӨБ бас геологы Ә.Шаяхметова ауруханаға жеткізілген.