Су ортасында қалған Бетқайнар ауылында үйлердің сау-тамтығы жоқ. Қабырғасы қақырап, ішіне дейін су көтеріліп жатыр. Тұрғындар екі айдан бері қызыл судың бетін қайтара алмай, ақыры малым жанымның садақасы деп дүние-мүліктерін тастай қашыпты. Тек бірен-сараңы сағат сайын көтерілген сумен әлі жеткенше алысып жүр.
Гүлбахар Қасымова, Бетқайнар ауылының тұрғыны:
-3 баламды төркініме жібергенмін. Больницадан шықтық жақында. Мына суықта ауырып қалады балалар. Білмеймін енді не болатынан өзі жақында ғана соғылды 4-5 жыл болды үйіміз. түнімен де, күнімен де су качать етеміз, насоспен сағат сайын.
Резеңке етік қазір мұнда қат. Ал азық-түлікті көрші ауылдардан алдырып жүр. Өйткені, бақшадағы көкөніс енді жоқ. Көкөніс тұрмақ, тұрғындар қорадағы малынан айырыла бастаған.
Индира Несіпбаева, Бетқайнар ауылының тұрғыны:
-Мал тұра алмайтын жерде адам да тұра алмайды ғой! есік алдымыздың бәрі осы, туалетімізге дейін осы. Осындай жағдай бізде
Шенеуніктер де суды қайтармақ боп шапқылап жүр. Дренажды канал қазып, ағызып жібермек болған. Бірақ, ол әрекеттен де түк шықпапты.
Елужан Мақұлбаев, Бетқайнар ауылының әкімі:
-400 метр тоспалы канал жасатқанбыз. Бірақ та өкінішке орай, биылғы жылғы судың көлеміне көптігіне байланысты, тоспаға су сыймай, су сыртқа шығып, бірнеше үйді су басып қалды.
Ал әзірге әкімдіктегілер шығынның мөлшерін есептеп әлек. Айтуларынша, су басқан әрбір үйге өтемақы тиесілі екен. Жер астынан көтерілген судың деңгейі түспейтін болса, ауыл тұтастай сүрілуі де мүмкін.