Жамбыл облысында дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына 350 адам жұмылдырылды


Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сол күні Талас ауданы Қаратау қаласында жел екпіні 28 м/с дейін күшейіп, 6 көп қабатты тұрғын үйдің, екі орта мектеп ғимаратының шатырын ұшырып кетті. Сонымен қатар, Сарысу ауданында дауыл Мәдениет үйінің, туберкулез диспансері мен орта мектеп ғимаратының шатырын жұлып әкетті. 

ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта апаттан зардап шеккен жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, Талас ауданында үзілген электр желілерін қалпына келтіруге 35 адамнан тұратын 7 бригада, 11 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, қалпына келтіру шараларында «Таза қала» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ сынды бірқатар мекемеден барлығы 129 адам жұмыс жүргізуде. 

Сарысау ауданында да электр бағандары құлап, жарық сөндірілген. Қазіргі уақытта 80 пайыз тұрғын электр желісіне қайта жалғанды. Оны қалпына келтіруге жауапты мекемелер мен жергілікті басқарушы органның ұйымдастыруымен барлығы 105 адам, 8 техника тартылды. 

Дауылдан Жамбыл облысы бойынша, 16 әкімшілік-әлеуметтік ғимараты мен 8 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры қирады. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына ТЖД-нің 350 жұмысшысы мен 40-қа жуық техника жұмылдырылған.