Жамбыл облысында ең үздік тауарлар таңдауы өтті

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқауға барлығы 57 кәсіпорын қатысқан. Олардың өнімдері: «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауар», «Халыққа арналған ең үздік тауарлар» және «Ең үздік азық-түлік тауарлары» сынды үш номинация бойынша сарапталды.

Облыс басшысы Қанат Бозымбаев байқаудың ашылу салтанатында: «Мен бүгін өткен жылы нарыққа шыққан бірқатар тауарларды көрдім. Олардың арасында құрылыс материалдары да, азық-түлік өнімдері де, электр қуатын үнемдейтін лампалар да бар», - деді.
Оның айтуынша, аймақта мемлекеттік жеделдетілген индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 545,2 млрд теңгелік 38 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар іске асырылғаннан кейін қосымша 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Биылғы жылы жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 9 кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр. нәтижесінде 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқау қорытындысы бойынша «Жамбыл цемен өндіру компаниясы» ЖШС бірінші дәрежелі дипломмен, «Құрылыс Полимер» ЖШС екінші дәрежелі дипломмен, «Фабрика ПОШ Тараз» ЖШС үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломды «ТаразКожОбувь» ЖШС, екінші дәрежелі дипломды жиһаз шығаратын «Карат-V» ЖШС, үшінші дәрежелі дипломды сәнді киім тігумен айналысатын «Триана Тараз» ЖШС иеленді.
«Ең үздік азық-түлік тауарлары» дипломдары номинациясы бойынша «Бурный ірімшік зауыты» ЖШС (1-дәрежелі), сафлор майын шығаратын «KazIr Agro» ЖШС" (2-дәрежелі) мен «Куликов сүт өнімдері» ЖШС (үшінші дәрежелі диплом) үздік атанды.