Медициналық ведомствоның ақпаратынша, 8 сәуірде 30 жастағы әйел Байзақ ауданы Орталық аудандық ауруханасына дене қызуының жоғарылауына, әлсіздік, бас ауруы және өзге де симптомдар бойынша шағымданған. Дәрігерлер алдын ала «конго-қырым геморрагиялық безгек» диагнозын қойды. 9 сәуірде науқас Тараздағы облыстық балаларға арналған инфекциялық ауруханаға көшірілді.
Әйел үй жануарларын кенелерден арылту үшін дәрі сеуіп жүріп ауру жұқтырған болуы мүмкін екені хабарланды. «Кененің шағуын жоққа шығарды, оларды ұстамаған, сықпаған. Алайда қан сынамасы алынып зерттелгенде, конго-қырым геморрагиялық безгек вирусын жұқтырғаны белгілі болды. Бірден негізгі дерттің симптоматикалық емдеуі басталды», - делінген хабарламада.
10 сәуірде науқасты инфекционист-дәрігер, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті кафедрасының доценті Л. Дерябина тексерді. Дәрігер диагнозбен және емдік шараларымен келісті.
11 сәуірде науқастың жағдайы күрт нашарлады. Қабылданған реанимациялық шараларға қарамастан, сол күні кешке азаматша ажал құшты.
Дәрігерлер байланысқа шыққан 30-дан астам адам бар екенін, олар бақыланып жатқанын, жетеуі стационарлық бақылауда екенін айтты. Жағдайлары қанағаттанарлық. Байзақ ауданында эпидемиологтар кененің шағу фактілерін анықтау мақсатында тексеру жүргізіп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында Байзақ ауданында бұрын конго-қырым геморрагиялық безгек ауруы байқалмағанын, енді ол Жамбыл облысындағы конго-қырым геморрагиялық безгек вирусының табиғи ошақтары тізіміне енгізілетінін атап өтті.