Ақпарат көзінің мәліметіне сәйкес, Жамбыл облыстық ҰҚКД-нің Қордай аудандық бөлімінің бастығы, подполковник Сабыржан Байділдаев "Алдияр" кафесінде бөлімшенің басқа қызметкерлерімен бірлесіп Қордайға Алматыдан біреулермен бірге келген алты Қытай азаматының құжаттарын тексеріп жатқан. Олармен бірге жүрген Жамбыл облыстық орман және биоресурстар жөніндегі аумақтық басқармасының Қордай учаскесінің бастығы Иван Кенжебаев шетелдіктердің "өз қонағы" екенін алға тартып, олардың құжаттарын тексеруге қарсылық білдірген. Оқиға куәгерлерінің растағанындай, ол мас күйінде тексерушілердің аяғына қаратып оқ ата бастаған. С.Байділдаев бұзақыны тәртіпке шақыруға тырысады. Сол сәтте әлгі С.Байділдаевқа қаратып калибрі 7,62 мм-лік табельді карабинінен үш мәрте оқ атқан. Сол жақ кеудесі, басы мен сол жақ қолынан жарақаттанған 42 жастағы подполковник оқиға орнында мерт болған. Оқиға орнынан алты оқтың гильзасы табылды.
Оқиға орнынан қашып кеткен Кенжебаев өзінің бір танысының үйіне барып жасырынған. Үйдің маңында торуыл құрған құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері үй ішінен атылған оқтың дауысын естиді. Осыдан кейін үйге басып кірген тәртіп сақшыларының жасағы ол жерден кеудесінен оқ тиген Кенжебаевтың мәйітін тапты.
С.Байділдаевтың бес баласы жетім қалды. Облыстық ІІД қазір осы оқиға бойынша тергеу жүргізуде.