Шу ауданының бес тұрғыны марихуана мен гашишті дайындап, республиканың басқа өңірлеріне жіберіп отырған. Олар заңсыз кәсіпті мамыр айынан бастады. 14 қазаннда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушысы ұсталды.
"Тінту кезінде жалпы салмағы 100 келiден асатын есірткінің ірі партиясы, сондай-ақ "Ақсу" автоматы және 5,45 мм калибрлі 30-дан астам патрон тәркіленді", - дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу), 296-бабының 4-бөлігі (есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу) және 287-бабы (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды.