- Колхоз болып ұйымдасқан кезде мына жер халыққа бөлінді. Осы жердің енді бірақ қожайыны болып тұр.
Сұрат ауылында жерге талас қызу жүріп жатыр. Жұрт «Сыпатай Батыр» серіктестігінің басшысы әрі депутатты 5 жарым мың гектар алқапты заңсыз меншіктеп, бермей отыр деп айыптады.
Айгүл Құрманәлиева, Сұрат ауылының тұрғыны:
- Жерсіз ауылда өмір жоқ. Жер бізге қажет. Егінімізді егейік. Көк-сөгіміз мысалы. Бадран, дарбыз, қауын ек мысалы. Не жерге, не суға жете алмаймыз. Кішкентай жерге қызанақ егемін мен.
Бұқараның сөзінше, компания директорын жауапқа тартқызу үшін құзырлы орындарға арыз жазылған. Тіпті қылмыстық іс те қозғалыпты. Алайда қалталы кісінің ісінен кінәрәт табылмай, тергеу ісі дереу тоқтатылған.
Бекболат Чотбаев, Сұрат ауылының тұрғыны:
- 2006 жылы келе салды да, бұл Шайхиев ауылымызды тонады. елдің мүлкін, жерін бәрін дарственный қылып рәсімдеп алды. Бұны біз ауданның басшыларына, ішкі істер бөліміне, прокурорларға шағымданып барғанымызда, бәрі Шайхиевтың сөзін сөйледі.
Серіктестік басшысы әрі облыстық Мәслихаттың депутаты Қанат Шайхиев жұрттың бұлайша даурығуына негіз жоқ деп отыр. Жер телімдері әу баста заңға сәйкес рәсімделген, тіпті оны сотта да дәлелдеп шықтым дейді. Өзі егістік алқаптары мен суармалы жерлерін елге қайтаруға келісіп отыр. Ол үшін тек арыз жазулары тиіс екен.
Қанат Шайхиев, «Сыпатай Батыр» ЖШС директоры:
- Қазір де айтып тұрғандары сол, жерді бермей қойдың дейді. Мен айтамын, ол жер қаптағы шекер ме екен, үйіңе апарып бере салатын. Оның заңы бар, олар келіп арыз жазу керек.
Халық қалаулысы бұқараны әлдебіреудің айдап салғанына сенімді. Айтуынша, өзі секілді кәсіпкерлердің аяғынан шалу өңірде жиілеп кеткен. Әйтпесе, жерді иеліктеріне қайтару туралы серіктестік басшысының атына арызды әу баста жазар еді дейді.
Loading...