Жамбыл облысында жол апатынан қаза болған қос полицейге «Айбын» ордені беріледі

Бұл туралы марқұмдарды жерлеу рәсіміне келген Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қызмет бабында жүріп опат болған офицерлердің балаларына да көмек көрсетілмек. Ал алты  адамның өмірін жалмаған жол апатынан аман қалған төрт адам дәрігерлердің бақылауында.

Жамбылдық жұрт қызмет бабында жүріп көз жұмған Ғалым Арыстанбаев пен Абылайхан Әбішкенді ақтық сапарға шығарып салды. Жаназаға марқұмдардың ет жақындары мен ішкі істер министрлігінің өкілдері жиналған. Олар кенеттен көз жұмған әріптестерінің отбасына көңіл айтып, өнегелі ісін еске алды.

"Еңбегіне өте адал, 2020 жылдан бастап бір бұйрық бойынша өттік, осы Жамбыл облысының жол полициясына. Содан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Өте кеңпейіл, қамқоршыл, білгенін, ақылын айтып отыратын", - деді Ниетқабыл Әлібаев Полиция аға лейтенанты.

Марқұм болған Ғалым Арыстанбаевтың 11 баласы жетім қалды. 46 жастағы полиция капитаны сегіз баланы бірнеше жыл бұрын балалар үйінен асырап алып бауырына басқан. Енді қос полицейдің балаларына министрлік тарапынан қолдау көрсетілмек.

"Абылайхан мен Ғалымды «Айбын» орденіне ұсынуға тапсырма берілді. Балаларына бүкіл жағдай жасалады. Мектепте де, кәмелетке толғанша, толғаннан кейін де, ІІМ-інің жоғары білім оқу орындарына барамыз десе, оған да үлкен үлесімізді қосамыз", - деді Арман Саданов, ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы.

Ал аман қалған Alfard жүргізушісі мен үш жолаушысы жарақаттарымен Меркі ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер қазір жүргізуші мен бір науқастың жағдайы ауыр екенін айтады. Жансақтау бөліміне жатқызылған науқасқа екі ота жасалды. Қазір сол аяғына ота жасау жоспарлануда.

Оқыс оқиға Меркі - Шу - Бурылбайтал республикалық автожолының 40-шақырымында болған. Сұмдық жол апатынан алты адам қаза тапты. Қазір аталмыш іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. 

Бұдан бұрын дәл осы көлік маркасының жол апатаны жиі себепкер болатынын жазған едік.