Жамбыл облысындағы 23 мемлекеттік мекемеде бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнама талаптарын бұзу оқиғалары анықталды

"Бюджеттік бағдарламалар әкімшілігі тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар негізінен процедуралық сипатта",- деді Ә.Сұлтанғазин. - Олар білместіктен, теріс түсіндіруден немесе қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамаудан болған".

Ә.Сұлтанғазиннің айтуынша, ең көп таралған заң бұзушылықтар қатарында тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерін сатып алу жөніндегі байқау процедураларын өткізбеу мен шараларды дер кезінде ұйымдастырмау жатады. "Соның салдарынан бюджет қаржысы жыл бойы игерілмей қалған, ал қарамағындағы мекемелердің өтінімдері мен олардың тауар және материалдық құндылықтардың қалдықтарына қатысты есептері ескерілмей қалуы салдарынан қоймалар тауарларға толып қалған. Соның салдарынан денсаулық сақтау және білім беру департаменттерінің бюджеттік өтінімдері асыра көрсетілген",- деді ол.

Ревизорлардың пайымдауынша, заң бұзушылықтарға түрткі болған себеп - Қаржы министрлігінің қазынашылық депаратменті мен облыстық қаржы департаменті тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, сондай-ақ, Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі тарапынан облыстың даму бюджетін жобалардың техника-экономикалық негіздемесіне экономикалық сараптама жасамастан жобалық-сметалық құжаттарсыз қабылдауы түрткі болған деп пайымдайды.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы ең көп заң бұзушылық деректері денсаулық сақтау департаментінде, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау департаментінде, құрылыс депаратменті мен Тараз қалалық әкімшілігінде анықталған.

"Барлық атқарушы билік органдарына тән заң бұзушылық - байқау жеңімпазы ретінде сатып алынатын тауарлар мен қызмет түрлері нарығында 1 жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі жоқ фирмалардың таңдалуы болмақ",- деді Ә.Сұлтанғазин. "Байқау комиссиялары тарапынан жеңімпаздарды таңдауда жең ұшынан жалғасу мен байқау қорытындысына әсер ететін басқа да заң бұзушылықтар дерегі анықталған",- деді ол.

Сонымен бірге таратылған баспасөз баянына сәйкес, Тараздың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде 83 пәтер мемлекеттік бағдарламаға сәйкес басымдық берілетін категорияға жатпайтын адамдарға сатылған, 29 пәтер тағы да президенттің "Тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы туралы" жарлығын бұза отырып коммуналдық меншікке берілген.

Қаржы министрлігі комитетінің басшысы заң бұзушылық шығындары мен игерілмей қалған қаржы көлемін атамады. Ол "ревизия жүргізілген мекемелердің қарсылықтары мен ескертулері негізінде бұл сандар тағы да нақтыланады", дегенді көледнең тартты.

Ә.Сұлтанғазиннің сөзіне қарағанда, заң бұзушылықтардың бір бөлігі заңға бағынышты актілердегі, сондай-ақ, тәртіптер мен инструкциялардағы қарама-қайшылықтарға да байланысты. "Осы жөніндегі ақпарат үкіметке жолданады",- деді ол.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті